Қазақстанда ата-аналарды ДДСҰ бағдарламасы бойынша оқыту басталды

Қазақстанда ата-аналарды ДДСҰ бағдарламасы бойынша оқыту басталды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, СST бағдарламасы бойынша дамуында ерекшелігі бар балаларға күтім жасау дағдыларына ата-аналарды оқыту үшін жаттықтырушыларды даярлауды бастады.

 

Шымкентте 14 адамнан тұратын болашақ жаттықтырушылардың бірінші тобын оқыту 19-23 шілде аралығында өтеді. Қажетті білім мен дағдыларды игергеннен кейін, олар, 56 баламен отбасыларымен бірге айналысады.

Оқу курсына материалдарды бейімдеу, жаттықтырушыларды даярлау, мамандар мен ата-аналарды оқыту кіреді. Аталған бағдарламаның мақсатты тобы дамуында кідірісі бар, оның ішінде аутистік спектрдің бұзылуы байқалатын 2-9 жастағы балаларды күтіп-бағумен айналысатын адамдар болып табылады.

Курс мақсаты - ата-ана мен баланың оңтайлы өзара іс-қимылын дамыту, олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бірлескен келісім мен өзара қарым-қатынасты дамыту, мінез-құлықты басқару дағдыларын жақсарту, бейімделу дағдыларын дамыту және отбасы өміріне қатысу арқылы жағымсыз мінез-құлықты азайту. Сондай-ақ, жоба жүйкеге салмақ түсетін кездерді басқару дағдыларын дамытуды, түйткілдерді шешуді және жалпы ата-аналардың әл-ауқатын жақсартуды көздейді.

Естеріңізге сала кетейік, CST (CaregiverSkillsTrainingforFamiliesofchildrenwithdevelopmentaldisoders) – бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ата-аналарға дамуы кеш немесе дамуы артта қалған балаларға күтім жасау дағдыларын үйретуге арналған бағдарламасы.

Бағдарламада мінез-құлықты қолданбалы талдау, даму туралы ғылым, әлеуметтік коммуникация іс-шаралары, оң тәрбие және өзіне-өзі қызмет көрсету әдістері қағидаттары қолданылады.

Сонымен қатар, бағдарламада нақты жағдайда не істеу керек, жақын болашақта қандай міндеттер межелеген абзал сияқты ересек тарап пен баланың өзара әрекеттесуінің қадамдық стратегиялары бар.