Б. Сапарбаев: басты міндет – еңбек дауларына жол бермеу

Б. Сапарбаев: басты міндет – еңбек дауларына жол бермеу

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Республикалық үшжақты комиссия отырысын өткізді. Оған комиссия мүшелері, қала және аудан әкімдері, «Атамекен» ҰКП, ірі компаниялардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты. Отырыста әлеуметтік-еңбек қатынастары, әлеуметтік әріптестік, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, Халықаралық еңбек ұйымының «Бірлестіктердің бостандығы және кәсіподақтарға бірігу құқығын қорғау туралы» №87 Конвенцияны қолдану бойынша ұсыныстары жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру қаралды.

Отырысты ашу кезінде Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік әріптестіктің әрекет етуші моделі мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскер арасындағы жауапкершілікті тең дәрежеде бөлуге негізделгендігіне ерекше назар аударды. Әлеуметтік әріптестік саласындағы негізгі міндеттердің бірі — әлеуметтік-еңбек дауларының алдын-алу. Сондықтан әлеуметтік әріптестіктің барлық қатысушылары өндірістік жарақаттануға, жалақының уақытылы төленбеуіне жол бермеу, өңірлерде әлеуметтік шиеленіске жүргізілетін мониторингті күшейту мәселелерін және т.б. ерекше бақылауға алу қажет.

«Бүгінгі басты міндет – еңбек дауларын болдырмау. Барлық әлеуметтік шиеленістер еңбек дауының нәтижесінде туындайды. Олардың себебі – жалақы бойынша берешектер, қысқартулар болып табылады. Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау үшін Республикалық жол картасы әзірленді. Өңірлерде осындай карталарды құру қажет. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша жұмысты жалғастыру керек», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.

Г. Әбдіқалықова әлеуметтік әріптестіктің барлық нысандарын дамытуға, салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар бойынша міндеттемелерді орындаудағы жауапкершілікті күшейтуге шақырды. Ол өңірлік деңгейде бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуі тиіс екендігін атап өтті.

«Әлеуметтік әріптестіктің барлық қатысушыларына өңірлердегі әлеуметтік шиеленісті мониторингілеу, жалақы бойынша берешектерді болдырмау, өндірістік жарақаттануды төмендету мәселелерін ерекше бақылауға алу қажет», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кәсіби қатерлерді басқарудың қазіргі жүйесін енгізу мақсатында 1 сәуірдегі жағдай бойынша 2231 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау стандарттарын енгізді. 184,9 мың жұмыс беруші төмен жалақы алатын 963 мың жұмыскердің еңбекақысын өсірді. Соның нәтижесінде олардың жалақысы 33%-ға көтерілді (43 мыңнан 57,5 мың теңгеге дейін). Еліміз бойынша барлығы 98,7 мың ұжымдық келісімшарт жасалған, оның ішінде 95,1% ірі және орта кәсіпорындарда ұжымдық келісімшарттар бар.

Одан кейін Абай қаласының Мәдениет үйінде ҚР Вице-премьері және жұмыс тобының мүшелері көп балалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, жұртшылық өкілдермен кездесу өткізді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары өз сөзінде жаңа әлеуметтік саясаттың басымдығы халықтың аз қамтылған отбасыларының кірісін көтеру, тұрғын үй мәселесін шешу, білім беру және медицина қызметтерінің сапасын арттыру, аумақтарды кешенді дамыту екенін атап көрсетті. Осы ретте ол, басты міндет — адамдарды жұмыспен қамту екенін, ал әлеуметтік көмек объективті себептерге байланысты еңбек ете алмайтын адамдарға көрсетілетінін баса айтты.