2019 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Өзбекстан Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында Ташкент қаласында бірқатар екіжақты үкіметаралық құжаттарға, оның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) қол қойылды. Қазақстан тарапынан Келісімге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, өзбек тарапынан Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрі Шерзод Кудбиев қол қойды.
Келісімге қол қою еңбек көші-қоны процесстерін реттеу мен жұмыскерлердің құқықтарын қорғау үшін қолайлы жағдайлар жасау саласындағы елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады.
Келісімдерге сәйкес, еңбекші көшіп-қонушылар қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына және еңбек шартының талаптарына сәйкес демалу уақытына және басқа адамдар үшін қауіпті ауруларға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы.
Сонымен қатар, кепілдендірілген тегін медициналық көмектің тізіміне кірмейтін медициналық қызметтер ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру шеңберінде жүзеге асырылады.
Еңбекші көшіп-қонушылар үшін ақы төлеу және басқа да еңбек жағдайлары жұмыс берушімен қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес еңбек шартымен реттеледі. Сонымен бірге, қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына қарағанда жалақы мөлшері төмен және еңбек жағдайлары кем болмауы тиіс.
Сонымен қатар, еңбек міндеттерін орындауға байланысты еңбекші көшіп-қонушылар қайтыс болған немесе жарақат алған жағдайда, жұмыс беруші қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында белгіленген төлемдер мен өтемақы төлемдерін жүзеге асырады.