Қарттықты құрметтеу және үлгі тұту, қарт адамдардың сіңірген еңбектерін, мемлекеттің дамуына қосқан көптеген үлестерін мойындау белгісі ретінде Қазақстанда жыл сайын 1-қазан күні Халықаралық қарттар күні аталып өтуде.
Қазақстандық әрбір жаңа ұрпақ үлкендердің даналығын, тәжірибесі мен қадір-қасиеттерін үлгі тұтады. Соғыс жылдары жауынгерлік ерлігімен олар бейбітшілікті қорғап, сақтап қалды, сол үшін аштық пен қайғы-қасіретті бастан кешті, соғыстан кейінгі жылдары құлдыраған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіріп, өз еңбектерімен экономиканың дамуына зор үлестерін қосты.
Мемлекет ардагерлер алдындағы борышын терең сезінеді. Күнделікті қамқорлық пен қолдауды қажет ететін борыш бүгінде мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бір бөлігіне айналып отыр.
Халықаралық Қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясымен жарияланған.
Қарттар күнін атап өтудің мақсаты – қарттардың проблемаларына қоғамның назарын аудару; қоғамның демографиялық қартаю проблемасы, қарт адамдардың жеке және әлеуметтік қажеттіліктері, олардың қоғамның дамуына қосқан үлесі, қарт адамдарға деген қарым-қатынасты өзгерту мәселелерінен халықтың хабардарлығын арттыру, қарт адамдардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, қоғам өміріне қатысуын, қажетті күтім, олардың ішкі әлеуеті мен абыройын қорғау үшін жағдайлар жасау.
Әр азаматқа қартайған шақта лайықты өмірді қамтамасыз ету – Қазақстан Республикасы Үкіметінің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Ардагерлерді әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде, сондай-ақ, аймақтық деңгейде де жүзеге асырылуда.
Әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі құрамдауышы зейнетақымен қамсыздандыру болып табылады.
2017 жылы зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру бойынша бірқатар бастамалар көзделіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, 20 маусымда Мемлекет басшысымен қол қойылды.
Атап айтқанда, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылмен салыстырғанда 20% дейін өсімін қамтамасыз ету үшін жасына байланысты және еңбек сіңірген жалдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері арттырылды.
Зейнеткерлердің кедейлігін алдын алу және азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру мақсатында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақының тағайындау тәртібі өзгерді және ол еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесінде қатысу өтіліне сәйкес тағайындалатын болды. Яғни, көп жұмыс жасаған және зейнетақы жүйесіне аударымдар жүргізген азаматтардың зейнетақысы көп болады.
Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасы бойынша 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап күнкөріс деңгейінің құрамы оның азық-түліктік емес бөлігін 40%-дан 45%-ға дейін өсіру арқылы өзгертілді.
Нәтижесінде, күнкөріс деңгейі 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 16%-ға дейін өсті, ол сәйкесінше күнкөріс деңгейіне тәуелді әлеуметтік төлемдердің өсуіне алып келді. Бұл 3 миллионнан астам қазақстандықтың табысына әсер етті.
Қазіргі таңда Қазақстанда 2 млн 148 мыңнан астам жасына байланысты зейнеткер тұрады.
Халықаралық қарттар күнін тойлауға республиканың барлық жерлерінде ардагерлерге қамқорлық білдіруге бағытталған іс-шаралар өткізілуде, бұл өз кезегінде дәстүрлі айлыққа айналды.
Облыс, қала және аудан әкімдерімен, кәсіпорындар мен ұйымдар басшыларымен зейнеткерлерді, мүгедектерді, соғыс және еңбек ардагерлерін әлеуметтік қолдау бойынша шалалар ұйымдастырылуда, оларға материалдық көмек көрсетіліп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, театрларды, мұражайларды, көрмелерді тегін аралау, саяхат өткізу, еңбек ұжымдарында кездесулер, амбулаторлық-емханалық ұйымдарда ашық есік күндерін өткізу және басқа да іс-шаралар өткізілуде.
Жалпы, ағымдағы жылдың ішінде жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 7 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсау жоспарлануда (оның ішінде 6 млрд. теңге жергілікті бюджеттен және 1 млрд. теңге тартылған қаржы есебінен) соның ішінде:
біржолғы материалдық көмекке – 3 189 566,3 млрд. теңге (196 533 мың адам);
жалпы қоғамдық көлікте жеңілдетілген жол жүруге – 471 215,0 млн. теңге
(136 485 адам);
жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамсыздандыруға – 352 415,1 млн. теңге
(32 539 адам);
тіс жөндеуге – 187 543,5 млн. теңге (3 850 адам);
санаторлы курорттық емделуден өтуге – 1 198 098,6 млрд. теңге (15 925 адам);
тұрғын үйді жөндеуге – 19 847,2 млн. теңге (258 адам);
отынмен қамтуға – 176 134,2 млн. теңге (9 300 адам);
азық-түлік жинақтарын беру – 341 349,1 млн. теңге (49 801 адам);
көмектің басқа да түрлеріне – 636 819,2 млн. теңге (64 454 адам).
Қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен қарт азаматтар мен мүгедектер арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні
114 стационарлы интернат үйлері, 75 күндізгі стационарлар (мүгедектерді қоса алғанда) жұмыс жасайды, олардың қызметімен 9,0 мыңнан астам егде жастағы адамдар қамтылған. Әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері үйде шамамен 35 мың қарт азаматтар мен мүгедектерге қызмет атқаруда.
Қазіргі уақытта тұрғындарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласы түбегейлі өзгерістерді бастан өткізуде.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен Қазақстан Республикасында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту тұжырымдамасы әзірленді.
Тұжырымдама әлеуметтік қызмет көрсетуде мемлекеттің, жеке және азаматтық сектордың, отбасының және қызмет алушылардың ынтымақты қатысуын көздейді.
Медициналық көмек қарт адамдарға кепілді тегін мемлекеттік медициналық көмек аясында республикалық деңгеймен қатар, жергілікті деңгейде де тегін көрсетілуде.
2011 жылдан бастап барлық емханаларда әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар қызмет атқаруда, олар жоғары ілтипат және тек медициналық қана емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік көмек қажет болған созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға көмек көрсетеді.
Созылмалы аурулармен ауыратын адамдарды әрдайым қамқорлыққа алу, бекітілген жері бойынша үйде медбикелік қарау мақсатында, учаскелік дәрігер мен жалпы тәжірибедегі дәрігерлік көмек үшін қосымша медбике штаттары қарастырылуда, ол медициналық көмек көрсетуді жақсартуға жол береді.