ҚР Парламенті Сенаты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамаға енгізілген өзгертулерді мақұлдады

ҚР Парламенті Сенаты жұмыспен қамту және халықтың көші-қоны туралы заңнамаға енгізілген өзгертулерді мақұлдады
Пленарлық отырыс

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты жұмыспен қамту және оның көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын ұсынды.

Құжат Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халққа Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес әзірленді.

Заң жобасында 3 Кодекс пен 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу және еңбек нарығын трансформациялау, жұмыспен қамту және еңбек қатынастарын насихаттау бойынша тетіктерді жетілдіру, сондай-ақ халықтың көші-қоны саласындағы функцияларды анықтау көзделген.

Сондай-ақ, жаңа құжат жұмыс берушілер мен жұмысшылар, жұмыспен қамту орталықтары мен жеке агенттіктер арасындағы байланысты Электронды еңбек биржасы арқылы өзара әрекеттесуді реттейді.

Бұл бос жұмыс орындары мен түйіндемелер туралы халықтың кең көлемде ақпарат алуына мүмкіндік жасайды, жұмыс іздеу және қызметкерлерді іріктеу үдерістерін жеңілдетеді.

Сонымен қатар, заң жобасы жұмыссыздарға еңбек делдалдығы бойынша шараларды қамтамасыз етуде жеке жұмыспен қамту органдарын тартуға мүмкіндік береді және мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтерімен басқарылады.

Заң жобасында қаралатын екінші маңызды бағыт, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді мехнаизмдерін жетілдіру болып табылады. Құжатта көзделгендей, студенттер мен жоғары сынып оқушылары үшін ұсынылатын қоғамдық жұмыстарға жазғы демалыс кезінде ғана емес, Еңбек кодексінде рұқсат етілетіндей, оқудан тыс уақытта қатысу мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Жаңа заңның үшінші бөлігі халықтың көші-қоны саласындағы функциялардың аражігін ажырату мен оралман мәртебесіне арналған. Жекелеп айтқанда, «қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелері» ғана емес, енді  «қоныс аударушылардың» жеке басын оның ішінде некеде тұрмаған азаматтарды да мемлекеттік қолдауға ие болып, өңірлік квотаға енгізіледі.  

«Қоныс аударушылар, отбасы жоқ оралмандар бар, олар жалғыз. Қарама-қайшылық болмау үшін заңда осы норманы қарастырдық. Егер адамның отбасы болмаса, ол мемлекеттік қолдау шараларына өзі жүгіне алады. Егер оның отбасы болса, онда бәрі бұрынғыдай қаз-қалпында қала береді, отбасының әрбір мүшесі үшін мемлекет қолдау көрсетеді », - деді еңбек министрі Мәдина Әбілқасымова.

Айта кету керек, оралмандар мен қоныс аударушыларға тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу мен басқа да шығындарды өтеу үшін берілетін субсидия, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік көмек көрсетіледі.

 Сондай-ақ, депутаттар қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін ғана, оралман мәртебесін үш айдан аспайтын мерзімге ұзартуға мүмкіндік жасауға ұсыныс берді. 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымованың айтуынша, ұсынылған заң жобасы азаматтарды жұмысқа орналастыру, халықты жұмыспен қамту қызметтерінің тиімділігін арттыру және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.