Еңбекмині әлеуметтік саланы цифрландыруға көшті

Еңбекмині әлеуметтік саланы цифрландыруға көшті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірінші Әлеуметтік қызметкерлер форумы аясында әлеуметтік саланы цифрландыру стратегиясын назарға ұсынды.

«Қазақстанда Әлеуметтік қызметкерлердің бірыңғай базасы жасақталатын болады. Онда әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, олар көрсететін қызмет түрлері, жұмыс нәтижесі сияқты ақпарат шоғырланады. Бірыңғай база арқылы әлеуметтік қызметтерді алушылар әлеуметтік қызметкерлерді таңдай алады. Сәйкесінше көрсеткіштері жақсы әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы да жоғарылайды. Әлеуметтік қызметкерлердің арасында бәсекелестіктің болуы сапаны көтеруге мүмкіндік береді», - деді Министр Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, Министрдің айтуынша, «Қызметтерді алушының жеке электронды карталары», «Жоспарлау», «Қызметтерді жеткізуші», «Келісімшартқа отыру», «Кадрлар», «Мониторинг» бағыттарын қамтитын әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту арқылы саланың ақпараттық қамтамасыз етілуі нығая түспек. Бірыңғай ақпараттық жүйенің эталондық базалары бар ақпараттық жүйелермен әрі орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен өзара кіріктірілуі де көзделуде.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің пікіріне қатысты Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ өкілі Юрий Оксамитный ойын білдірді:

«Әлеуметтік қызметкерлердің әрқайсысында қызметті алушылардың дерегі электрондық нұсқада болса, қызмет түрі мен оны тұтыну сынды жайттарды анықтау да жеңілдей түсетіні анық. Мұндай өзгерістер арқылы әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігіне де талап күшейеді. Жүйенің ақпараттық қамтылуы мен әлеуметтік қызметкерлердің шеберлігін шыңдауы тәрізді мәселелер тұтас жүйенің жемісті жаңаруына оң септігін тигізетіні аян. Бүгінде Қазақстан Үкіметі қарастырып жатқан Цифрландыру бағдарламасында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің өз орнын алатынына күмәнсіз сенемін. ЮНИСЕФ атынан Әлеуметтік қызмет көрсету саласын әрі қарай жаңғырту тұжырымдамасында көрініс тапқан жаңашылдықтарды толық қолдайтынымызды жеткізгім келеді. Осы орайда оны жүзеге асыруда шаралар жоспарын түзуге атсалысуға дайынбыз».