
Бүгін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік саясатты жетілдіруге, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заманауи цифрлық құралдарды одан әрі дамытуға арналған оқыту семинарын өткізді. Іс-шараға жұмыспен қамтуды үйлестіру, ішкі саясат басқармаларының басшылары, сондай-ақ Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің басшылары қатысты.
Семинар барысында әлеуметтік саясатты іске асырудың заманауи тәсілдері, цифрлық шешімдерді іс жүзінде қолдану, жұмыс процестерін жетілдіру және қоғаммен өзара іс-қимылды нығайту мәселелері басты назарда болды.
Қатысушылар Отбасының цифрлық картасын практикалық тұрғыдан қолдану, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестерін автоматтандыру, азаматтарды сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ халықтың өтініштерімен жұмысты ұйымастыру мәселелерін жан-жақты қарады. Мамандардың бірыңғай тәсілдермен жұмыс істеуіне, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін, сапасы мен жеделдігін одан әрі арттыруға ерекше назар аударылды.
«Жұмысымыздың басты басымдығы – әрбір азаматтың өтінішіне мән бере отырып, жанашырлықпен қарау және заңнама талаптарын қатаң сақтау. Мемлекеттік қолдау халыққа уақтылы, ашық әрі барынша ыңғайлы түрде көрсетілуі тиіс. Әрбір өмірлік жағдайды белгіленген нормаларға сәйкес мұқият әрі объективті бағалау маңызды», – деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Семинардың жеке бір бөлігі әлеуметтік қорғау саласындағы аудандық және қалалық бөлімшелер қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін арттыруға арналды. Жергілікті жерлердегі мамандарға азаматтармен жұмыс істеу, халыққа консультация беру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша практикалық алгоритмдер ұсынылды.
Қатысушылар мемлекеттік органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын және жұмысты үйлестіру мәселелерін де талқылады. Практикалық тәжірибе алмасуға, жергілікті жерлердегі мамандардың өзара іс-қимылын жетілдіруге және мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру барысында бірыңғай тәсілдерді қолдануға ерекше мән берілді.
Өңірлік оқыту семинарларын өткізу – Министрліктің әлеуметтік саясатты жетілдірудегі, мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту мен әлеуметтік қорғау саласына заманауи тәсілдерді енгізудегі жүйелі жұмыстарының бір бөлігі.