Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі мамандарының еңбек кепілдіктері нақтыланды

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі мамандарының еңбек кепілдіктері нақтыланды

Астанада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқу-ағарту және корпоративтік мәдениетті дамыту: комплаенс қызметтерінің рөлі» тақырыбында диалог алаңы өтті. Іс-шара барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев еңбек заңнамасындағы жаңа нормалар және оларды іс жүзінде қолдану тәртібі туралы айтып берді. Жиынға мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың және ұйымдардың өкілдері қатысты.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, комплаенс мамандарының жұмысы кәсіби дайындықты, дербестікті және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Олар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, заң талаптарының сақталуын бақылайды. Сондай-ақ анықталған мәселелер бойынша ұйым басшылығына ұсыныстар енгізеді.

«Мамандар өз міндеттерін толық орындауы үшін олардың функциялары мен өкілеттіктері нақты белгіленуі керек. Сонымен қатар заңда көзделген еңбек құқықтары мен кепілдіктер іс жүзінде сақталуға тиіс», – деді Ербол Тұяқбаев.

Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтерінің қызметкерлеріне қатысты еңбек қатынастарын реттеудің ерекшеліктерін белгіледі. Бұл нормалар еңбек шартын жасасу және тоқтатуға, еңбекақы төлеуге, тәртіптік жауапкершілікке тартуға және басқа да мәселелерге қатысты.

Жиында квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы комплаенс қызметтерінің тәуелсіздігіне де ерекше назар аударылды. Комплаенс мамандары жұмысын бағалайтын құрылымдық бөлімшелер мен лауазымды тұлғалардың шешімдеріне тәуелді болмауы керек.

Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, комплаенс қызметтерінің тиімді жұмысы заң талаптарына ғана емес, олардың күнделікті іс жүзінде қалай орындалатынына да байланысты. Бұл ретте мамандардың міндеттерін нақты белгілеу, тиісті еңбек жағдайларын жасау және ұйым басшылығының қолдауы маңызды.

«Біздің ортақ міндетіміз комплаенс мамандары өз жұмысын кәсіби деңгейде атқара алатын жағдай жасау. Ал заңда белгіленген кепілдіктер іс жүзінде жұмыс істеуі керек», – деді бірінші вице-министр.