
Жасанды интеллект мамандықтардың мазмұнына, жұмыс процестеріне және жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талаптарына өзгеріс енгізіп жатыр. Қазақстанда бұл өзгерістер кадр даярлау және мемлекеттік жұмыспен қамту жүйесін дамыту кезінде ескерілуде.
Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын меңгерген мамандарға сұраныстың артып келе жатқанын атап өткен болатын. 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек нарығының жаңа талаптарына сай жұмыспен қамту жүйесін бейімдеп жатыр. Бұл ретте цифрлық дағдыларды дамытуға, қайта даярлауға және азаматтарға лайықты жұмысты дәлірек таңдауға басымдық берілуде.
Мамандықтар қалай өзгеріп жатыр?
Жасанды интеллект ең алдымен мәтінді өңдеу және теру, деректерді енгізу, мәтінді тексеру сияқты қайталанатын жұмыстарды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте көптеген мамандықтар бойынша жұмыс орындарының жойылуы емес, еңбек мазмұны мен қажетті дағдылардың өзгеруі туралы сөз болып отыр.
Қазірдің өзінде жасанды интеллект бухгалтерлерге, инженерлерге, дәрігерлерге, мұғалімдерге, сату саласының мамандарына және басқа да мамандарға жұмыс құралы ретінде қолданылып келеді. Сонымен қатар жаңа бағыттар пайда болып, қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптар да өзгеруде.
Министрліктің бағалауынша, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн жаңа қызметкер қажет болады. Сондықтан мамандарды даярлау кезінде өзгеріп жатқан еңбек нарығында сұранысқа ие болатын дағдыларды ескеру маңызды.
Цифрлық дағдылар – кадр даярлаудың бір бөлігі
2026 жылдың соңына дейін кәсіби стандарттармен 600-ден астам жұмысшы мамандығын қамту жоспарланып отыр. Бұл стандарттарға цифрлық құзыреттерге қатысты талаптар енгізіледі. Оның ішінде жасанды интеллект құралдарын пайдалану, деректермен және BI-талдаумен жұмыс істеу, киберқауіпсіздік негіздері бар.
Бұл стандарттар колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына, сондай-ақ қайта даярлау бағдарламаларына негіз болады. Осылайша мамандарды даярлау кезінде жұмыс берушілердің еңбек нарығындағы өзекті талаптарын ескеруге мүмкіндік жасалады.
Жасанды интеллект жұмыс іздеуге көмектеседі
Цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллект негізінде Цифрлық жұмыспен қамту қызметін құру.
Жүйе азаматтың білімі, еңбек өтілі мен дағдыларын ескере отырып, оның цифрлық бейінін қалыптастырады. Осы мәліметтер негізінде жасанды интеллект азаматқа тұрғылықты жеріне сәйкес бос жұмыс орындарын ұсына алады, түйіндеме жасауға көмектеседі. Ал қажетті дағдылар жеткіліксіз болса, Skills Enbek платформасында оқуды ұсынады.
Жұмысқа орналасу, оқу және мемлекеттік қолдау шаралары туралы ұсыныстар азаматтарға алдын ала, оның ішінде eGov Mobile қосымшасындағы push-хабарламалар арқылы жіберіледі. Сонымен қатар жүйе адамның жұмысынан айырылу қаупін анықтап, оған сәйкес жеке қолдау шараларын ұсына алады.
Аталған жоба Павлодар облысында іске қосылды. 2026 жылдың соңына дейін оны еліміздің барлық өңіріне енгізу жоспарланып отыр.
Цифрлық инфрақұрылым қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр
Жұмыспен қамтудың цифрлық жүйесінің негізі – Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы. Қазір онда 900 мыңнан астам жұмыс беруші және 3,3 млн-нан астам жұмыс іздеуші тіркелген. Бүгінде жұмыс іздеп жүрген азаматтардың 91%-ы, ал жұмыссыздардың 97%-ы онлайн тіркеледі.
Биыл 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жоспарланып отыр. Skills Enbek платформасында сұранысқа ие дағдыларды онлайн оқытуға шамамен 100 мың адамды қамту көзделген. Тағы 500 мыңы жұмыс іздеу дағдыларын меңгермек. Mansap платформасында 100 мың мектеп оқушысы кәсіби бағдарлау диагностикасынан өтеді.
Осылайша жасанды интеллектінің дамуы жекелеген жұмыс процестерін ғана емес, кадр даярлау мен жұмыс іздеу тәсілдерін де өзгертіп жатыр. Жұмыспен қамту жүйесінің міндеті еңбек нарығындағы өзгерістерді дер кезінде ескеріп, азаматтарға сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге және өзіне лайықты жұмыс табуға көмектесу.