
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев 01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, Sinovation Ventures басқарма төрағасы, ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, доктор Кай-Фу Лимен кездесті.
Тараптар жасанды интеллектіні жұмыспен қамту, кадрларды даярлау және қайта даярлау салаларында кеңінен қолдану, сондай-ақ қазақстандықтардың қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бойынша практикалық дағдыларын дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында AI Earners бағдарламасы таныстырылды. Бағдарлама «дағды → тапсырыс → расталған табыс» қағидатына негізделген. Оның негізгі мақсаты азаматтардың жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуді үйренуін нақты бизнес тапсырмаларын орындаумен байланыстыру. Яғни адам алған білімін іс жүзінде қолданып, қажетті дағды қалыптастырады. Бұл дағдыларды жұмысқа орналасу, өз бетінше еңбек ету және табыс табу үшін пайдалануға болады.
Асқарбек Ертаев доктор Кай-Фу Ли мен оның командасының заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Министрлік әлеуметтік-еңбек саласында жасанды интеллектіні қолдану аясын кезең-кезеңімен кеңейтіп келе жатқанын айтты.
«Біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға үлкен мән береміз. Әлеуметтік саясатта әр адамға жеке көзқарас қажет. Сондықтан цифрлық шешімдер ең алдымен азаматтардың қажетіне жұмыс істеуі керек. Бүгінде біз жасанды интеллектіні жұмыспен қамту, мемлекеттік қызметтер көрсету және әлеуметтік қорғау салаларында қолданып келеміз. Ендігі маңызды қадам – жасанды интеллект мүмкіндіктерін адам капиталын дамытуға пайдалану. Яғни азаматтарға сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге, жұмысын тезірек табуға және табыстың жаңа көздерін қалыптастыруға көмектесу. Біз үшін технологияның адамға нақты мүмкіндік беріп, нақты нәтиже әкелуі маңызды», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Министрлікте заманауи цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі – Цифрлық жұмыспен қамту қызметі. Жасанды интеллектінің көмегімен бұл жүйе жұмыссыз азаматтарды алдын ала анықтап, олар мансап орталығына жүгінбей-ақ, өздеріне сәйкес бос жұмыс орындарын, оқыту бағдарламаларын және жұмыспен қамтуға арналған басқа да шараларды ұсынады. Жеке ұсыныстар азаматтың білімі, еңбек өтілі және кәсіби дағдылары ескеріле отырып қалыптастырылады. Соңғы екі айда жасанды интеллект көмекшісінің көмегімен 3 мың адам жұмысқа орналасты.
Жасанды интеллект атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, мемлекеттік қызметтер көрсету, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу және кәсіптік стандарттарды әзірлеу кезінде де қолданылып келеді. Атап айтқанда, медициналық-әлеуметтік сараптама барысында жасанды интеллект көмегімен 150 мыңнан астам өтініш өңделді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні пайдалана отырып 120-дан астам кәсіптік стандарт әзірленіп, қазір олар келісу және бекіту кезеңінен өтіп жатыр.
Министрлік азаматтардың жаңа дағдыларды меңгеруіне және кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға да көңіл бөледі. Skills Enbek платформасында әртүрлі бағыттар бойынша 600-ден астам оқу курсы азаматтарға тегін ұсынылады. Жыл басынан бері бұл курстарда 100 мыңнан астам қазақстандық білім алды. Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын алу мүмкіндіктері Business Enbek платформасы арқылы да ұсынылады.
Өз кезегінде доктор Кай-Фу Ли жасанды интеллектіні пайдалану арқылы жұмыспен қамтудың жаңа үлгілерін дамытуда Қазақстанның мүмкіндігі жоғары екенін айтты.
«Жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, адамдар үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер де қалыптастыра алады. Бұл ретте оқыту нақты тәжірибемен және еңбек нарығындағы сұраныспен байланысты болуы маңызды. Адам қажетті дағдыларды меңгереді, нақты тапсырманы орындайды және алған білімін табысқа айналдыра алады. Қазақстанның адами әлеуеті жоғары. Сондықтан мұндай тәсілдерді дамыту ішкі нарықта да, халықаралық деңгейде де жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін», – деді Кай-Фу Ли.
Кездесуде таныстырылған AI Earners моделі нақты жобалар арқылы оқытуды, біліктілікті бағалауды және нақты тапсырмаларға сәйкес орындаушыларды іріктеуді көздейді. Платформа практикалық жасанды интеллект дағдыларын меңгерген азаматтарды қазақстандық бизнес, мемлекеттік ұйымдар және шетелдік тапсырыс берушілер тарапынан болатын ақылы сұраныспен байланыстыруға бағытталған.
Сондай-ақ тараптар жаңа тәсілдерді іске асыруға жұмыспен қамту жүйесінің қатысу мүмкіндіктерін де қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар адам капиталын дамыту, жұмыспен қамтуды арттыру және азаматтарға табыс табудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру үшін жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы ынтымақтастықтың нақты тетіктерін одан әрі пысықтауға келісті.