Жол жүрмей-ақ, бірыңғай талаппен: Қазақстанда онлайн тестілеу қалай өтеді?

Жол жүрмей-ақ, бірыңғай талаппен: Қазақстанда онлайн тестілеу қалай өтеді?

Қазақстанда көші-қон саласындағы бағалау тәсілдерін жетілдіру үшін тестілеудің заманауи цифрлық форматы енгізіліп жатыр. Бұл қатысушыларға тестілеуден қашықтан өтуге, уақытты үнемдеуге және процедураны ыңғайлы әрі ашық ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Онлайн тестілеудің бір бөлігі – прокторинг. Бұл – тест тапсырып отырған адамның жеке басын растауға және тестілеу кезінде белгіленген талаптардың сақталуын бақылауға арналған техникалық және ұйымдастырушылық шаралар.

Прокторингтің негізгі мақсаты тест нәтижесінің шынайылығын қамтамасыз ету және барлық қатысушыға бірдей жағдай жасау. Жүйе тестілеуді тіркелген адамның өзі өтіп жатқанын растап, белгіленген талаптардың сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.

Тестілеу басталмас бұрын қатысушының жеке басы анықталады. Бұл адамның тіркелу кезінде көрсеткен деректерін тексеріп, тест тапсырып отырған адамның кім екенін растау үшін қажет. Осылайша тест нәтижесінің нақты қатысушыға тиесілі екені анықталады.

Тестілеу кезінде бейнебақылау жүргізілуі мүмкін. Оның мақсаты қатысушының сыртқы келбетін немесе жеке қасиеттерін бағалау емес. Бейнебақылау тек тестілеу кезінде белгіленген талаптардың сақталуын бақылау үшін қолданылады.

Тестілеу барысын бейнежазбаға түсіру де – процедураның ашықтығын қамтамасыз ететін құралдардың бірі. Қажет болған жағдайда бейнежазба арқылы тестілеудің белгіленген тәртіппен өткенін тексеруге болады.

Осылайша, жеке басты сәйкестендіру, бейнебақылау және бағалау барысын тіркеу барлық қатысушыға бірдей және ашық жағдай жасауға бағытталған. Бұл әр қатысушының өз білімі мен дағдысын әділ көрсетуіне мүмкіндік береді.

Маңыздысы прокторинг тест кезінде жиналған баллға әсер етпейді және қорытынды бағаны анықтамайды. Оның міндеті тестілеудің белгіленген тәртіппен өтуін әрі талаптардың сақталуын бақылау.

Цифрлық форматтың тағы бір артықшылығы тестілеуді қашықтан, қосымша жол жүрмей-ақ тапсыруға болады. Бұл қатысушының уақытын үнемдеп, тестілеуге байланысты ұйымдастыру жұмыстарын жеңілдетеді.

Цифрлық құралдарды қолдану бағалау процесін ыңғайлы және ашық өткізуге жағдай жасайды. Барлық қатысушы үшін ортақ талаптардың сақталуы бағалау нәтижелерінің әділ әрі объективті болуына ықпал етеді.