Оралда еңбек инспекторлары күзетшілердің құқықтарын жедел қалпына келтіруге көмектесті

Оралда еңбек инспекторлары күзетшілердің құқықтарын жедел қалпына келтіруге көмектесті

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің араласуымен «A SECURITY» ЖШС күзет агенттігі жұмыскерлеріне жалақы төлеуге қатысты мәселе қысқа мерзімде шешілді.

2026 жылдың 1 қыркүйегінде жеке күзет ұйымының бірнеше жұмыскері жалақының уақытылы төленбеуіне байланысты көмек сұрап жүгінген болатын. Азаматтарды Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Асылұлан Досжанов қабылдап, олардың мәселесін тыңдады.

Кездесу барысында жұмыскерлер жағдайды түсіндіріп, өздерін алаңдатқан мәселелерді айтты. Департамент басшысы еңбек құқықтарын қорғаудың заңда көзделген тетіктерін және мәселені әрі қарай шешу тәртібін түсіндіріп берді. Мәселені жедел қарау үшін жұмыскерлер департаментке шақырылып, кездесуге күзет ұйымының басшысы да қатысты.

Мәселені зерделеу барысында кәсіпорынның мемлекеттік мекемелерге қарасты бірқатар нысандарды күзететін 27 жұмыскеріне жалақы бойынша берешек қалыптасқаны анықталды. Жұмыс берушінің мәліметінше, берешектің жалпы көлемі шамамен 5,28 млн теңге болған.

Жұмыс берушіге өзге ұйымдармен есеп айырысуға қатысты мәселелер жұмыскерлердің еңбекақысын уақытылы төлемеуге негіз бола алмайтыны айтылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың 2 қыркүйегінде 27 жұмыскердің жалақы бойынша берешегі толық өтелді. Осылайша, мәселе жедел шешіліп, жұмыскерлердің бұзылған еңбек құқықтары қалпына келтірілді.

Еске сала кетсек, Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыскерлерге жалақыны уақытылы және толық көлемде төлеу – жұмыс берушінің міндеті. Еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты мәселе туындаған жағдайда азаматтар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгіне алады. Мемлекеттік еңбек инспекциясының басты міндеті еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және заңда белгіленген тәртіппен азаматтардың бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіруге ықпал ету.