
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі IV шақырылымдағы Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Отырыста Кеңестің жаңа құрамының жұмыс тәртібі мен негізгі бағыттары айқындалып, министрлікпен өзара іс-қимылдың басымдықтары белгіленді.
Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев және Қоғамдық кеңестің жаңа құрамының мүшелері қатысты. Оның барысында Кеңес төрағасы мен бейінді комиссиялардың басшылары сайланып, Президиум құрамы жасақталды. Сондай-ақ Қоғамдық кеңестің қызметі туралы жаңа ереже бекітілді.
Қоғамдық кеңес – мемлекет, азаматтық қоғам және сарапшылар қауымдастығы арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін маңызды алаң. Кеңес еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы мемлекеттік саясатты талқылауға қоғам өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етіп, қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен есептілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтармен кері байланысты күшейтуге ықпал етеді.
Отырысты ашқан Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ольга Кузовлева Кеңестің жаңа құрамын құттықтап, оның жұмысына белсенді қатысудың маңыздылығын атап өтті.
«Әлеуметтік саясат миллиондаған азаматтың өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан қабылданатын шешімдер түсінікті, уақтылы әрі халықтың нақты қажеттіліктеріне сай болуы керек. Біз Қоғамдық кеңеспен ашық диалог орнатуға дайынбыз және оның мүшелерінің жұмысты толыққанды атқаруы үшін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеміз. Қоғамның пікірін жай ғана тыңдап қоймай, нақты ұсыныстарды шешім қабылдау барысында ескеру маңызды. Кеңестің жаңа құрамы тиімді кері байланыс тетігіне айналып, азаматтардың мүддесі үшін ортақ шешімдер табуға ықпал етеді деп сенемін», – деді Асқарбек Ертаев.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Сұлтанбек Макежанов сайланды.
Кеңестің жаңа құрамында оның негізгі бағыттарын қамтитын екі бейінді комиссия құрылды. Олар еңбек мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Еңбек мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы болып «Кәсіп-қорған» салалық кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов сайланды. Халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі комиссияны «Life Time M» мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің директоры Рустам Шергали басқарады.
Қоғамдық кеңес жұмысының жедел үйлестірілуін қамтамасыз ету мақсатында Президиум құрылды. Оның құрамына Кеңес төрағасы мен екі бейінді комиссияның төрағалары енді.
Қоғамдық кеңестің төрағасы Сұлтанбек Макежанов министрліктің ашықтық деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, өзекті әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешуде ведомствомен тығыз өзара іс-қимыл орнатудың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін министр министрліктің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі басымдықтарын нақты айқындап берді. Әсіресе халықтың нақты қажеттіліктері, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру және мемлекеттік тетіктерді одан әрі жетілдіру мәселелерінің басты назарда тұрғаны маңызды. Министрліктің ашық диалогқа мүдделі екенін және қоғам тарапынан айтылған сындарлы ұсыныстарды ескеруге дайын екенін көріп отырмыз. Мұндай тәсіл азаматтар күткен, әрі нақты практикалық нәтиже беретін шешімдерді бірлесіп әзірлеуге қажетті жағдай қалыптастырады», – деді Сұлтанбек Макежанов.
Отырыс барысында Кеңестің жаңа құрамы алдыңғы шақырылымның тәжірибесін ескере отырып, Типтік ереже негізінде әзірленген Қоғамдық кеңестің жаңа ережесін қарап, мақұлдады.
Жаңа құрамның негізгі басымдықтарының бірі – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және оны жетілдіруге қатысу. Қоғамдық кеңес қоғамдық сараптама жүргізіп, бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік бастамаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді, сондай-ақ министрлік пен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Кеңестің маңызды ресурстарының бірі – оның мүшелерінің кәсіби сараптамасы және азаматтық қоғамның түрлі институттарының өкілдігі. Бұл әлеуметтік-еңбек мәселелерін жан-жақты қарауға, әртүрлі пікірлерді ескеруге және мемлекеттік шаралардың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Министрлік пен Қоғамдық кеңес арасындағы ашық өзара байланыс қоғамның сұраныстарын жедел ескеруге, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік саясатқа деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Қоғамдық кеңестің назарында халық үшін аса маңызды бағыттар – еңбек нарығы мен жұмыспен қамтуды дамыту, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік көмек шараларының қолжетімділігін арттыру мәселелері бар.
Министрлік, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысы нақты әлеуметтік нәтижеге қол жеткізуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.