
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру және әлеуметтік саладағы кадр әлеуетін дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді.
Бүгінде еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесінде 12 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Оның 1 251-і үкіметтік емес ұйымдарда еңбек етеді. Әлеуметтік қызметкерлердің 55,5%-ы ауылдық жерлерде, 44,5%-ы қалаларда жұмыс істейді.
Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарда еңбек ететін мамандардың басым бөлігі азаматтарға тікелей үйінде көмек көрсетеді. Олардың саны – 9 532 адам немесе 86,5%. Сонымен қатар 1 020 маман (5,5%) стационарлық ұйымдарда, 998 маман (5,4%) жартылай стационарлық ұйымдарда, 451 маман (2,6%) уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейді.
Аталған сала қызметкерлердің білім деңгейі де әртүрлі. 6 410 маманның немесе 53,2%-ының жоғары білімі бар. Орта кәсіптік білімі барлардың саны – 3 633 адам (30,3%), орта білімі барлар – 1 833 адам (15,4%). Бұдан бөлек, 125 маман магистр дәрежесіне ие.
Әлеуметтік сала үшін мамандардың тиісті білімі болғаны ғана жеткіліксіз. Олар өз білімін үнемі жетілдіріп, кәсіби дағдыларын дамытып отыруы маңызды. Осы мақсатта министрлік «Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың өзге де кәсіптері» және «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар» кәсіби стандарттарын бекітті. Бұл құжаттар әлеуметтік қызметкерлердің білімі мен кәсіби дағдыларына қойылатын қазіргі талаптарды айқындайды.
Мамандарды оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Enbek Skills білім беру платформасында қазірдің өзінде 12 мың әлеуметтік қызметкер оқудан өтті. Олар әлеуметтік жағдайларды басқарудың заманауи тәсілдерін, түрлі сала мамандарының бірлесіп жұмыс істеу жолдарын, қызмет алушыларды цифрлық сүйемелдеуді және әлеуметтік жұмыста инклюзивті тәсілдерді қолдануды меңгеруде.
2025 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби құзыреті туралы мәліметтер қамтылған Әлеуметтік қызметкерлер тізілімі жұмыс істейді. Сонымен қатар мамандардың кәсіби біліктілігін ресми түрде тану тетігі енгізілді. Бұл жұмысты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жүзеге асырады.
Былтыр 2 290 қызметкер өз кәсіби біліктілігін растады. Ал 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша тағы 1 161 маман біліктілігін тану рәсімінен сәтті өтті.
Берілетін сертификат мамандарды аттестаттау және оларға біліктілік санатын беру кезінде негізгі құжаттардың бірі болып саналады.
Сонымен бірге әлеуметтік саладағы кадр әлеуетін талдау бірқатар мәселенің бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, мамандардың орташа жасының ұлғаюы, жастардың бұл салаға аз келуі, өңірлер арасындағы кадрмен қамтылу деңгейінің әртүрлі болуы және кейбір бағыттар бойынша мамандардың жетіспеуі байқалады.
Осы мәселелерді шешу үшін кадрларға деген қажеттілікті алдын ала болжау, мамандардың білімін үздіксіз жетілдіру және әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби дамуының бірыңғай жүйесін қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірленді.
Жаңа модельдің негізгі элементтерінің бірі әлеуметтік сала мамандарының біліктілігін тану орталығын құру. Оның міндеті мамандардың біліктілігін тәуелсіз бағалау, кәсіби құзыреттерін бақылау, кадрлар бойынша талдау жүргізу және қай бағыттарда маман тапшылығы бар екенін анықтау.
Сонымен қатар әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби дамытуға арналған ұлттық модель әзірленді. Ол жоғары оқу орындары, жұмыс берушілер, кәсіби қауымдастықтар және мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейтуді көздейді.
Негізгі мақсат әлеуметтік қызметкердің бүкіл еңбек жолы бойы өз білімін толықтырып, кәсіби дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік жасау.
Осы бағытта мамандар еліміздегі 12 бейінді жоғары оқу орнының базасында қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өте алады. Бұл оқу орындарында әлеуметтік салаға маманданған кафедралар жұмыс істейді және жергілікті атқарушы органдармен тиісті келісімдер жасалған.
Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру жұмысы тұрақты түрде жүргізіледі.
Қабылданып жатқан шаралардың басты мақсаты әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен мәртебесін арттыру. Себебі әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмектің сапасы ең алдымен маманның біліміне, тәжірибесі мен кәсіби біліктілігіне байланысты.