Ән айтып, би билеп, бас қосты: зейнеткерлердің жазғы кештері қалай өтті

Ән айтып, би билеп, бас қосты: зейнеткерлердің жазғы кештері қалай өтті

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аға буын өкілдерінің белсенді әрі сапалы өмір сүруіне жағдай жасауға ерекше мән береді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтік қызметтермен қатар, зейнеткерлердің қоғамдық өмірге араласуын, бос уақытын мазмұнды өткізуін және жаңа орта қалыптастыруын қолдауға бағытталған.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары – осы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде еліміде 132 орталық жұмыс істейді, оның алтауы Астана қаласында орналасқан. Мұнда зейнеткерлер үшін түрлі әлеуметтік, мәдени, спорттық және танымдық қызметтер көрсетіледі. Орталықтардың барлық қызметі тегін. Келушілер өз өнерін көрсетуге, жаңа дағдыларды меңгеруге және денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алады.

Бұл бағыттағы жұмыстардың бірі ретінде елордада жаз бойы «Жадыраған жаз» би кештері ұйымдастырылған болатын. «Жетісу» саябағында өткен кештерге Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызмет алушылары қатысып, ән айтып, би билеп, бірге уақыт өткізді.

Жазғы маусым барысында зейнеткерлерге арналған 15 би кеші өткізілді. Жобаның қорытынды кеші де қатысушылардың көтеріңкі көңіл күйімен өтті.

«Апта сайын саябақта бас қосқан зейнеткерлер үшін бұл шаралар өзара араласуға, белсенді демалуға және сүйікті әндері мен билерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Биылғы жазғы маусым ойдағыдай өтті. Апта сайын «Жетісу» саябағына жиналып, көңіл көтеріп, би билеуді дәстүрге айналдырдық. Жаз аяқталуы мүмкін, бірақ көңілдегі көктем ешқашан бітпесін», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров.

Аталған орталықтар аға буын өкілдерінің уақытын пайдалы өткізіп, өз қызығушылықтарын жүзеге асырып, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді. Бұл орталықтар келушілердің уақытын мазмұнды өткізуіне, шығармашылықпен айналысуына, өзара тәжірибе алмасып, жаңа адамдармен танысуына мүмкіндік беретін ортаға айналды.