
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Мансап орталығына» және Петропавл қаласындағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды.
Мансап орталығында министрге халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан шаралар таныстырылды. Мұнда азаматтарға лайықты жұмыс табудан бастап, кәсіптік оқытуға жолдау және жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу қызметтері ұсынылады.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 8,6 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Өңір тұрғындары кәсіптік оқудан өтуге, кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға және жұмыспен қамтуға бағытталған басқа да мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана алады.
Асқарбек Ертаев жұмыспен қамту қызметінің тиімділігі азаматтың лайықты жұмысқа орналасуына және тұрақты жұмыспен қамтылуына қарай бағалануға тиіс екенін айтты.
«Бүгінде жұмыспен қамту саласындағы механизм өзгеріп жатыр. Енді адам жұмысты іздемей, жұмыс адамды табуы керек. Мамандардың міндеті – азаматқа лайықты бос жұмыс орнын ұсыну, қажет болса оқуға жіберу және жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу. Қолдау әр адам үшін нақты нәтижеге әкелуге тиіс», - деді министр.
Сондай-ақ министрге жұмыспен қамту саласында қолданылатын цифрлық шешімдер таныстырылды. Бұл жүйелер жұмыс іздеушінің білімі мен тәжірибесін ескеріп, оларды жұмыс берушілердің сұранысымен сәйкестендіруге және ең қолайлы жұмыс нұсқаларын ұсынуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ведомство басшысы Петропавл қаласындағы балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, ерекше қажеттілігі бар жандарға көрсетілетін күтім мен оңалту қызметінің барысымен танысты.
Орталықта 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мұнда күтім жасау, оңалту, медициналық сүйемелдеу, оқыту, дамыту және әлеуметтік бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Орталық бір мезгілде 110 баланы қабылдауға қауқарлы.
Министр күндізгі бөлімді, Монтессори, психолог пен емдік дене шынықтыру кабинеттерін аралап, орталық бөлімшелерінің жұмысымен және қызмет алушылардың шығармашылығымен танысты.
Асқарбек Ертаев арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде әр балаға жеке көзқарас маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, оңалту жұмыстары әр баланың қажеттілігі мен мүмкіндігіне сай ұйымдастырылып, олардың өз бетінше өмір сүру дағдыларын дамытуға және өмір сапасын арттыруға ықпал етуі қажет.
Сапар соңында жергілікті атқарушы органның, Еңбек министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің және өңірлік жұмыспен қамту қызметінің өкілдері қатысқан жұмыс кеңесі өтті. Жиында халықты жұмыспен қамту, азаматтарды әлеуметтік қолдау, еңбек құқықтарын қорғау және Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік қызметтердің сапасын одан әрі жақсарту мәселелері сөз болды.