
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев өңір тұрғындарымен есепті кездесу өткізді.
Кездесу барысында әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, зейнетақы, әлеуметтік қамсыздандыру, балалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарды қолдау, халықты жұмыспен қамту, еңбек құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Министрлік мәліметінше, мемлекеттік саясаттағы негізгі бағыттардың бірі - көрсетілетін қолдаудың нақты адамға бағытталуын қамтамасыз ету. Әлеуметтік көмек пен қызметтер азаматтардың қажеттілігіне қарай және заңнамада белгіленген талаптар мен тәртіпке сәйкес көрсетіледі.
Кездесуде халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 8,6 мың адам жұмысқа орналастырылды. Өңір тұрғындарына жұмысқа орналасуға көмектесетін түрлі мүмкіндіктер ұсынылады. Олардың қатарында бос жұмыс орындарын іздеу және таңдау, кәсіби оқыту, сондай-ақ кәсіп бастауға арналған қолдау шаралары бар.
«Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті – азаматтарға өз еңбек мүмкіндігін толық пайдалануға, сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге және табысын арттыруға жағдай жасау. Осы мақсатта халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен жеделдігін арттыру үшін нақты адамға бағытталған цифрлық құралдар жетілдіріліп жатыр», – деді Эльдар Күзенбаев.
Вице-министр жұмыспен қамту саласын цифрландыру мәселесіне де жеке тоқталды. Электрондық еңбек биржасында азаматтарға лайықты жұмыс орындарын таңдауға көмектесетін цифрлық шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект негізіндегі құралдар қолданылады. Ал Skills Enbek платформасында кәсіби білімін жетілдіруге және жаңа дағдыларды меңгеруге арналған онлайн-курстар қолжетімді. Сонымен қатар студенттерге өндірістік тәжірибеден өтуге орын іздеуге мүмкіндік беретін арнайы сервис жұмыс істейді.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері де кездесудің күн тәртібінде қаралды. Әлеуметтік нысандар мен қызметтердің қолжетімділігін арттыру, Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысын дамыту, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптамадан қашықтан өту мүмкіндігін енгізу мәселелері талқыланды. Қашықтан жүргізілетін сараптама азаматтардың тиісті қызметтерді алу үшін жеке өзі бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, облыс тұрғындары балалы отбасылар мен аз қамтылған азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету, Солтүстік Қазақстан облысына ерікті түрде қоныс аудару, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтау мәселелерін көтерді.
Кездесу соңында вице-министр тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті бағыттар бойынша түсініктеме берді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қолдау шараларын халыққа барынша қолжетімді ету, жұмыспен қамтуды дамыту, еңбек құқықтарын және әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.