
Шымкентте 400-ден астам мүгедектігі бар бала «QH. Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» қайырымдылық жобасы аясында қолдау алды. Жоба Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің қолдауымен және тікелей бақылауымен жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаға қатысу отбасылар үшін тегін. Жоба балаларға қажетті оңалту шараларын өз үйінде, үйреншікті әрі қолайлы ортада алуға мүмкіндік береді. Ал ата-аналар мамандардан қажетті кеңес алып, оңалтуға арналған техникалық құралдармен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда Қазақстанның әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы аталған жобаны Қызылорда, Семей, Павлодар және Шымкент қалаларында іске асыруда.
Жоба басталғалы бері Шымкентте 99 бала оңалту бағдарламасын оң нәтижемен аяқтады. Қазір тағы 329 бала оңалтуды жалғастырып жатыр.
Үй жағдайындағы оңалту қалай жүргізіледі?
Мүгедектігі бар бала үшін оңалтуды мүмкіндігінше ертерек бастап, оны тұрақты түрде жалғастыру маңызды. Бұл үшін оңалту орталығына үнемі барып тұру міндетті емес. Кейбір жаттығуларды баланың өз үйінде, үйреншікті әрі жайлы ортада жасауға болады.
Мамандар баланың денсаулық жағдайы мен жеке ерекшеліктерін ескере отырып, ең қолайлы техникалық оңалту құралдарын таңдайды. Олардың қатарында вертикализатор, кресло-арба, арнайы жаттығу құрылғылары және басқа да құралдар бар.
Өтініш берілгеннен кейін мамандар баланың жағдайын, оның қимыл-қозғалыс мүмкіндігін және диагноздың ауырлық деңгейін бағалайды.
«Әр баланың жағдайы әртүрлі. Сондықтан оңалту құралдары да оның жеке қажеттілігіне қарай таңдалады. Бағдарлама аясында ата-аналардың телефонына арнайы мобильді қосымша орнатылып, үй жағдайында орындауға болатын жаттығулар жіберіледі. Біз ата-аналармен тұрақты кері байланыс орнатып, балалардың даму барысын бақылап отырамыз. Қазір бағдарламаның нәтижесінде оң өзгерістерге қол жеткізіп жатқан балалардың саны артып келеді», – деді дәрігер-реабилитолог Жандос Пердеев.
Балаға қажетті техникалық құрал тікелей үйіне жеткізіледі. Мамандар ата-анаға оны дұрыс пайдалану жолын көрсетіп, қажетті жаттығуларды қалай орындау керектігін түсіндіреді. Осылайша ата-ана баламен күн сайын жұмыс істеп, мамандардың ұсынымдарын тұрақты түрде орындай алады.
Жобаға кімдер қатыса алады?
Жобаға тірек-қимыл аппараты бұзылған, оның ішінде балалар церебралды сал ауруы, Даун синдромы, гидроцефалия, микроцефалия және тұқым қуалайтын аурулары бар, медициналық-әлеуметтік сараптамадан өткен балалар қатыса алады.
Бағдарламаға қатысу мүмкіндігі туралы ақпарат ата-аналарға 1414 қызметі арқылы SMS хабарлама түрінде жіберіледі.
«Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен жетістік»
Ата-аналар үшін үй жағдайындағы оңалту баламен тұрақты түрде жұмыс істеуге, оның үйреншікті ортасын өзгертпеуге және жаттығуларды үзбей жалғастыруға мүмкіндік береді.
Жобаға қатысушы балалардың бірінің анасы Айман Кальменова баласына оңалту үшін вертикализатор қажет болғанын айтты.
«Вертикализатор балама өте қажет болды. Осындай қолдау бар екенін естіп, өтініш бердік. Арада 2–3 күн өткенде қажетті құралды үйімізге жеткізіп берді. Ол кезде балам өздігінен жүре алмайтын. Вертикализаторды төрт ай қолданғаннан кейін айтарлықтай оң өзгеріс байқадық. Қазір балам жүруді үйретуге арналған жүріс арбасының көмегімен алғашқы қадамдарын жасап жүр. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен жетістік. Балалардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отырған мемлекетке алғысымыз шексіз», – деді Айман Кальменова.
Мамандардың айтуынша, үй жағдайындағы оңалту кезінде әр баланың жеке мүмкіндігін ескеру өте маңызды. Баланың даму деңгейіне қарай оған қажетті техникалық құралдар мен жаттығулар кешені таңдалады. Жаттығуларды тұрақты орындау жаңа дағдыларды біртіндеп қалыптастырып, баланың өздігінен әрекет ету мүмкіндігін арттырады әрі күнделікті өмірге бейімделуіне көмектеседі.
Үй жағдайында оңалту жобасы Қазақстанның басқа өңірлерінде де дамып келеді. Оның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар балаларға қажетті оңалту көмегін қолжетімді ету, олардың өздігінен өмір сүру мүмкіндігін арттыру және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау.