
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аға буын өкілдерінің белсенді әрі мазмұнды өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен іске асырып келеді.
Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызметі. Мұнда зейнет жасындағы азаматтар бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын нығайтып, жаңа дағдыларды меңгеруге, шығармашылықпен айналысуға және ортақ қызығушылығы бар адамдармен араласуға мүмкіндік алады.
Орталықтарда аға буын өкілдеріне емдік дене шынықтыру, йога, скандинавиялық жүріс, би, шахмат, қолөнер, вокал және бейнелеу өнері бойынша түрлі үйірмелер ұйымдастырылады. Сонымен қатар шет тілдерін үйренуге және цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған сабақтар өткізіледі.
Бұдан бөлек, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында мәдени, спорттық және ағартушылық іс-шаралар, ортақ қызығушылықтар бойынша кездесулер тұрақты ұйымдастырылып, психологтар мен заңгерлердің кеңестері ұсынылады.
Орталықтардың қызметі егде жастағы азаматтардың дене белсенділігін сақтауға, қарым-қатынас аясын кеңейтуге, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге, шығармашылық әлеуетін дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал етеді. Сонымен қатар әлеуметтік оқшауланудың алдын алуға, психологиялық әл-ауқатты нығайтуға және белсенді ұзақ өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайту да орталықтардың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта жастармен бірлескен мәдени-танымдық іс-шаралар, шығармашылық шеберлік сабақтары, волонтерлік акциялар және тәжірибе алмасуға бағытталған түрлі бастамалар өткізіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының желісін одан әрі дамытуды жалғастыруда. Бұл аға буын азаматтарының жасына қарамастан қоғамдық өмірге белсенді қатысуына, өз әлеуетін жүзеге асыруына және өмір сапасын арттыруына мүмкіндік береді.