
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
2026 жылдың басынан бері Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің әлеуметтік инспекторлары кедергісіз орта қалыптастыруға қатысты заңнама талаптарының сақталуын тексеру мақсатында 609 нысанға тексеру жүргізді. Оның ішінде 205-і жоспардан тыс, 291-і профилактикалық бақылау аясында, ал 113-і прокуратураның талабы бойынша өткізілді.
Нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 394 нұсқама берілді. Заң талаптарын сақтамаған тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, жалпы сомасы 47,4 миллион теңгеден асатын 200 әкімшілік айыппұл салынды.
Тексерулер азаматтар күнделікті баратын түрлі нысандарды қамтыды. Атап айтқанда, 68 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым, 41 денсаулық сақтау нысаны, 127 білім беру ұйымы, 280 әлеуметтік қорғау нысаны, 4 мәдениет мекемесі, 5 спорт нысаны, 5 көлік инфрақұрылымы нысаны, 5 қоғамдық тамақтану орны, 32 сауда нысаны, 4 қаржылық қызмет көрсететін ұйым және 38 өзге де нысан зерделенді.
Жұмыс барысында тек заңбұзушылықтарды анықтауға ғана емес, оларды жедел жоюға да ерекше көңіл бөлінеді. Соның нәтижесінде көптеген нысанда пандустар орнатылып, кіреберістер бейімделіп, тұтқалар мен қолжетімді ортаға қажетті басқа да құрылғылар қойылып жатыр. Бұл мүгедектігі бар адамдардың қажетті қызметтерді қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда алуына мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті әлеуметтік маңызы бар нысандардың жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін қолжетімділігіне жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша нысан иелеріне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, жауапты тұлғаларға заңнамаға сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
– «Мен арбамен қозғаламын. Сондықтан қоғамдық орындардың қолжетімді болуының қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Егер қандай да бір кедергілерге тап болсам, Түркістан облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне жүгінемін. Мұнда менің өтініштерім жедел қаралады. Тексерулерден кейін көптеген нысанда анықталған кемшіліктер жойылып, пандустар орнатылып, кіреберістер ыңғайластырылып, ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы бола түседі. Осындай жұмыстардың нәтижесінде бүгінде облысымызда бөгде адамның көмегінсіз өз бетінше кіріп-шыға алатын нысандар саны артып келеді. Бұл бізге қажетті қызметтерді еркін алуға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға және қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүруге жол ашады», – деді Түркістан облысының тұрғыны, І топтағы мүгедектігі бар Орынбасар Дастан.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолжетімді ортаны жетілдіру және заңнама талаптарының сақталуын бақылау жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады. Бұл барлық азамат үшін тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған.