
Ерекше қажеттілігі бар 470 балада даму мен денсаулықты қалпына келтіру бағытында оң өзгерістер тіркелді. Заманауи оңалту жабдықтары мен цифрлық шешімдерді үй жағдайында қолданудың арқасында балалардың қимыл-қозғалыс дағдылары жақсарып келеді. Олар басын өздігінен ұстауды, өз бетінше отыруды, сүйеніп тұруды меңгеріп, алғашқы қадамдарын жасай бастады. Жалпы, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырып жатқан «QH. Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасы аясында бүгінгі күнге дейін 628 балаға кешенді оңалту көмегі көрсетілді.
Жобаның басты мақсаты – жоғары технологиялық оңалту көмегін отбасылардың тұрғылықты жерінде қолжетімді ету. Қазіргі таңда жоба Қазақстанның төрт өңірінде – Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында іске асырылуда. Бағдарламаға қатысушыларға көпфункционалды бейімделген креслолар, MyWay жүріп-тұру құрылғылары, вертикализаторлар және арнайы тренажерлар сияқты заманауи техникалық оңалту құралдары беріледі. Қалпына келтіру процесінде барлығы 405 арнайы техника бірлігі пайдаланылуда.
«Жобаның жоғары тиімділігі мультидисциплинарлық сарапшылар тобының үздіксіз қашықтан сүйемелдеуі арқылы қамтамасыз етіледі. Мамандар әрбір бала үшін жеке оңалту бағытын әзірлеп, оның нәтижелерін цифрлық күнделік арқылы бақылап отырады. Ата-аналар күн сайын орындалған жаттығулар туралы мәліметтерді енгізеді. Нақты уақыт режимінде жүргізілетін талдау оңалту бағдарламасын жедел түзетуге және отбасының оңалту процесіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді», – деді Инклюзия департаментінің директоры Ғазиза Иманғали.
Оның айтуынша, пилоттық жобаның оң нәтижелері еліміздегі әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруге негіз болады. Жыл соңына дейін жобаны Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау мен Ұлытау облыстарына кеңейту жоспарланып отыр.