
Қазақстанда кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға және оларды жұмысқа орналастыру кезінде еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Бұл жұмыстар мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшелері мен мүдделі мемлекеттік органдардың бірлесуімен жүргізіліп, жазғы демалыс кезеңінде ерекше қарқын алды.
27 шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша 4 619 нысан профилактикалық іс-шаралармен қамтылды. Оның ішінде 2 070 қоғамдық тамақтану орны, 1 566 аттракциондар паркі мен ойын-сауық алаңы, 234 базар мен сауда-ойын-сауық орталығы, 221 жанармай құю станциясы, 241 көлік жуу орны, 138 компьютерлік клуб және 149 өзге де нысан бар.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде еңбек заңнамасы талаптарының сақталмауының 884 дерегі анықталды. Анықталған барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдануда.
Сонымен қатар жұмыс берушілермен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Мемлекеттік еңбек инспекторлары кәмелетке толмағандармен еңбек қатынастарын міндетті түрде ресми рәсімдеу, жұмыс уақытының белгіленген режимін сақтау, еңбекақыны уақытылы төлеу, сондай-ақ жасөспірімдерді ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға тартуға жол бермеу қажеттігін еске салады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды одан әрі жалғастырады.
Сондай-ақ министрлік ата-аналар мен заңды өкілдерді жасөспірімдердің еңбек жағдайына ерекше көңіл бөліп, еңбек қатынастарының міндетті түрде ресми рәсімделуін бақылауға шақырады.