Зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдікке қатысты түсіндірме

Зейнетақы жинақтарына берілетін мемлекеттік кепілдікке қатысты түсіндірме

Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 2003 жылдан бері қолданылып келген зейнетақы жинақтары бойынша мемлекеттік кепілдікті алып тастауға қатысты норма кеңінен талқылануда. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келесіні хабарлайды.

Тарихи тұрғыдан алғанда, мемлекеттік кепілдік институты азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялау стратегиясына дербес ықпал ету мүмкіндігі болмаған кезеңде енгізілді. Мемлекет инвестициялық саясатты айқындап, салымшылардың өз қаражатын басқару құқығын шектегендіктен, нақты инвестициялық табыстылық пен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтеу жөніндегі міндеттемені өз мойнына алған болатын.

Қазіргі таңда салымшыларға инвестициялық басқарушы компанияны және инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау құқығы берілгендіктен, мемлекеттік кепілдіктің бастапқы құқықтық әрі экономикалық негіздемесі өзектілігін жоғалтады.

Яғни, басқарушыны өз қалауымен таңдаған салымшы күтілетін табыстылықты, тәуекелдерді және активтерді басқару шарттарын өзі бағалап, инвестициялық шешімді дербес қабылдайды. Мұндай жағдайда салымшының өзі қабылдаған инвестициялық шешімдердің нәтижесі үшін мемлекетке өтемақы төлеу міндетін жүктеу мемлекеттік ресурстарды әділ пайдалану қағидаттарына сәйкес келмейді.

Сонымен қатар мемлекеттік кепілдік біржолғы өтемақы сипатында берілетінін және ұзақ мерзімді перспективада тұрақты зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне әсер етпейтінін ескерген жөн. Сондықтан аталған кепілдіктің сақталуы зейнетақымен қамсыздандырудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз ететін негізгі фактор болып табылмайды.

Сонымен бірге ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты жауапкершіліктен бас тартатынын білдірмейді. Зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда болады.