Қазақстанда психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі құрылады

Қазақстанда психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі құрылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Мемлекет басшысы 2026 жылғы 2 шілдеде қол қойған «Психологиялық қызмет туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселелері қаралды.

Аталған заң алғаш рет психологиялық қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін қалыптастырып, психологтардың кәсіби қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды. Сонымен қатар құжат психологиялық көмек алу кезінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.

Кеңес барысында заңды іске асырудың негізгі бағыттары мен оны жүзеге асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мәселелері талқыланды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларын, Психологтардың кәсіби әдеп кодексін, сондай-ақ заңда көзделген өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу міндеті жүктелді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атап өткендей, бастапқы кезеңдегі негізгі міндет – психологиялық қызметті реттеудің ашық әрі түсінікті жүйесін қалыптастыру.

«Психологтардың кәсіби қызметіне бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру, заңды іске асырудың тиімді тетіктерін әзірлеу және азаматтардың психологиялық көмек институтына деген сенімін арттыру үшін қажетті жағдай жасау аса маңызды», – деді министр.

Қазіргі уақытта министрлік заңға тәуелді нормативтік құқықтық базаны әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар Психологтардың мемлекеттік тізілімін цифрлық форматта іске асыру және оны қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау мәселелері пысықталуда.

Бұдан бөлек, заң нормаларын сапалы іске асыру мақсатында кәсіби қауымдастықпен, мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимыл жолға қойылады.

Заңды іске асыру қажетті нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және цифрлық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қалыптастыруды ескере отырып жүзеге асырылатын болады.