
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (IOFS) Бас директоры Берік Арынмен кездесу өткізді.
Кездесуге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев пен Көші-қон комитетінің төрағасы Эльдар Күзенбаев қатысты.
Тараптар Қазақстан мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен негізгі бағыттарын, сондай-ақ Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сонымен қатар ИЫҰ-ның Еңбек орталығымен ынтымақтастықты дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында министр әлеуметтік-еңбек саласындағы тәжірибе алмасуды кеңейту және жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында халықаралық ұйымдармен жүйелі әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымымен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы әріптестікті нығайту озық тәжірибелерді енгізуге, ұлттық заңнаманы жетілдіруге және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді», – деді Асқарбек Ертаев.
Өз кезегінде Берік Арын IOFS-тің қазіргі қызметі мен ИЫҰ Еңбек орталығы жұмысының негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Кездесу қорытындысында тараптар сындарлы диалогты жалғастырып, практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.