
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы мен қолжетімділігін тұрақты негізде жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Осыған байланысты Алматы қаласында мүгедектікті күндізгі форматта белгілеу кезінде электрондық кезек жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бүгінгі таңда бұл қызметті 450-ден астам азамат пайдаланды.
Электрондық кезек жүйесі қызмет алушыларға медициналық-әлеуметтік сараптамаға бару уақытын алдын ала жоспарлап, өзіне қолайлы күн мен уақытты таңдауға мүмкіндік береді.
Электрондық кезекке жазылу Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) арқылы жүзеге асырылады. Қызметті алу тәртібі барынша жеңілдетілген. Ол үшін пайдаланушы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы порталға кіреді.
Одан кейін қызмет алушы Жеке кабинетінде «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдап, өзіне қолайлы бос күн мен уақытты белгілейді. Бұл ретте жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін автоматты түрде анықтайды.
Куәландыру күні мен уақыты сәтті брондалғаннан кейін қызмет алушының ұялы телефонына SMS-хабарлама жіберіледі. Онда куәландыру күні мен уақыты, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің мекенжайы және талон нөмірі көрсетіледі.
Қызмет алушыға қабылдау күніне үш күн қалғанда жүйе қосымша еске салу SMS-хабарламасын жолдайды.
Қажет болған жағдайда броньды Жеке кабинет арқылы алып тастауға болады. Ал егер қызмет алушы белгіленген уақытта келмесе, бронь автоматты түрде жойылып, бұл туралы да SMS-хабарлама жіберіледі.
Мұндай заманауи цифрлық шешімдер мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттырып, азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.