
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхановпен бірге Астана қаласы әкімдігінің «Жәрдем» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-не барды.
Еңбек министрлігінің басшысы мекеменің қызметімен, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үдерісімен, қызмет алушылардың тұру жағдайымен, орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, ұжыммен кездесті.
Орталықтың қызметі туралы мекеме директоры Азамат Оспанов баяндады. Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын ашылған «Жәрдем» орталығы 18 жастан асқан, әрекетке қабілетсіз деп танылған және психоневрологиялық аурулары бар мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Мекеменің негізгі мақсаты – қызмет алушыларға лайықты өмір сүру жағдайын жасап, олардың әлеуметтік бейімделуіне, оңалуына және жан-жақты қолдау көрсетуге жағдай жасау.
Орталықта қызмет алушылардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше мән беріледі. Осы мақсатта қауіпсіз әрі жайлы тұрмыс жағдайлары жасалып, оңалту және әлеуметтік бейімдеу шаралары ұйымдастырылған. Сондай-ақ олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және өздігінен өмір сүру дағдыларын қалыптастыруға басымдық беріледі.
Орталық 200 орынға есептелген. Қазіргі таңда мұнда 89 адам тұрады. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді білікті мамандар көрсетеді. Жалпы орталықта 135 қызметкер еңбек етеді.
Мекемеде сегіз бағыт бойынша қызметтердің толық кешені ұсынылады. Олар әлеуметтік-тұрмыстық пен медициналық көмектен бастап, психологиялық, педагогикалық және құқықтық қолдауға дейінгі қызметтерді қамтиды. Қызмет алушылармен психологтар, дефектологтар және нұсқаушылар жұмыс істейді. Оңалту шеңберінде оларға өз-өзіне қызмет көрсету мен күнделікті тұрмысқа қажетті негізгі дағдылар үйретіледі.
Орталық аумағында серуендеу аймақтары мен спорт алаңдары жабдықталған. Қызмет алушылар еңбек терапиясына және түрлі әлеуметтік белсенділік шараларына тартылады.
Сапар қорытындысы бойынша Асқарбек Ертаев тұрақты күтім мен қолдауды қажет ететін азаматтардың лайықты өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге бағытталған стационарлық әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ол қызмет алушыларға да, әлеуметтік сала қызметкерлеріне де қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуы қажет екенін жеткізді.