Еңбек министрлігі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мен атаулы әлеуметтік қолдау жүйесінің проактивті моделіне көшеді

Еңбек министрлігі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мен атаулы әлеуметтік қолдау жүйесінің проактивті моделіне көшеді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында еңбек нарығын дамыту, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Ведомство басшысының айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Ал 25 маусымдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен шамамен 228 мың азамат қамтылды, оның 85 мыңы – жастар. Биылға жоспарланған 3,1 млн сапалы жұмыс орнының бүгінгі күні 2,9 миллионы қамтамасыз етілді.

«Алдағы жұмыс халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің неғұрлым белсенді моделіне көшуге бағытталатын болады. Мансап орталықтары «бэк-офис» моделінен «фронт-офис» моделіне ауысады. Негізгі басымдық бейресми жұмыспен қамтуды анықтауға, азаматтарды атаулы сүйемелдеуге және оларды тұрақты жұмысқа орналастыруға бағытталатын болады», – деді Асқарбек Ертаев.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің жаңа моделі енгізіледі. Сонымен қатар платформалық жұмыспен қамтуды заңдастыру, «Күміс жас» жобасын іске асыру, кәсіптік оқыту жүйесін жетілдіру және цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасады. Шілде айынан бастап Маңғыстау және Павлодар облыстарында жасанды интеллект технологияларын қолданатын «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоттық жобасы іске қосылады.

Министр өз баяндамасында әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі – отбасылардың мұқтаждық деңгейін кешенді бағалау жүйесіне көшу және цифрлық сервистерді одан әрі дамыту.

«Біз туындаған мәселелерге кейін әрекет етуден оларды ерте кезеңде анықтауға көшіп жатырмыз. Бұл әрбір отбасыға атаулы әрі проактивті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Отбасының цифрлық картасын дамыту аясында үй шаруашылықтарының әл-ауқатын бағалау әдістемесі жаңартылып, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл жетілдірілуде және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция кеңейтілуде. Келесі кезеңде eGov Mobile платформасында отбасылардың үй шаруашылықтарының цифрлық бейіндері қалыптастырылады.

Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу шеңберінде бұдан бөлек жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 қолдау шарасын ұсыну үдерісі автоматтандырылды. Жыл соңына дейін әлеуметтік қолдау шараларын атаулылық қағидаты бойынша тағайындауды қамтамасыз ету, қызметтерді eGov Mobile арқылы алу мүмкіндіктерін кеңейту, бірқатар қызметтер бойынша қағаз анықтамаларды алып тастау және мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын «Әлеуметтік әмиянда» көрсету жоспарланып отыр.

Ведомство басшысы атап өткендей, Еңбек министрлігі Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.