
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды. Сапар аясында өңір тұрғындарымен ашық форматта кездесу жүргізіліп, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды, бірқатар өндірістік нысандарды аралап, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Жұмыс сапары бірінші вице-министрдің мүгедектігі бар адамдарға арналған «Ақжайық» абилитация және оңалту орталығына баруынан басталды. Ол орталықтың материалдық-техникалық базасымен, емдеу-оңалту мүмкіндіктерімен және оңалту қызметінің ұйымдастырылуымен танысты.
Халықпен кездесу барысында Ербол Тұяқбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен тұрақты әрі ашық байланыс орнату министрлік қызметінің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Өңірдегі еңбек нарығының ахуалына жан-жақты тоқталған бірінші вице-министр әлеуметтік саясатты сапалық тұрғыдан жетілдірудің маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Біздің басты міндетіміз – есеп үшін ғана жұмыс орындарын көрсету емес, халықтың табысын нақты арттыру. Құрғақ статистикамен шектелмей, азаматтарды отбасын асырауға және болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік беретін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуіміз қажет», – деді Ербол Тұяқбаев.
Кездесу барысында бірінші вице-министр мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік бастамаларды іске асырудың негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар азаматтарды жұмыспен қамту шаралары, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктері, мүгедектігі бар адамдарды қолдау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кездесуден кейін Ербол Тұяқбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі инватакси қызметін ұйымдастыру, мүгедектігі бар адамдар сатып алатын тауарлардың сапасына қатысты «Әлеумет» әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және өндірістік жарақаттану мәселелеріне арналды.
Жұмыс сапары аясында Ербол Тұяқбаев өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпорындарды, оның ішінде «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ-ны, «WORLD GREEN COMPANY» ЖШС-нің жылыжай кешенін, «Стекло-Сервис» ЖШС мен «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ін аралады. Өндіріс орындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кадрлармен қамту және қызметкерлер алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша бірінші вице-министр өңірде халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, салалық ведомстволардың басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Ол жалақы деңгейіне мониторинг жүргізуден бастап мүгедектігі бар адамдарды қолдауға дейінгі барлық бағыттағы жұмыстар облыстың әрбір тұрғыны үшін нақты нәтиже беруі тиіс екенін атап өтті.