Еңбек министрлігінде Елдік бағдарламаға көшу мәселелері талқыланды

Еңбек министрлігінде Елдік бағдарламаға көшу мәселелері талқыланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Халықаралық еңбек ұйымының Лайықты еңбек мәселелері бойынша техникалық қолдау тобының және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне арналған бюросының директоры Михаил Пушкинмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы лайықты еңбекті ілгерілету жөніндегі бірлескен Жол картасын іске асыру қорытындыларын, сондай-ақ жаңа Елдік бағдарламаның жобасын әзірлеу мәселелерін талқылады.

Делегацияны қарсы алған Асқарбек Ертаев екіжақты ынтымақтастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, өзара іс-қимылды нығайтуға және заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған Жол картасының маңыздылығына тоқталды.

Министрдің айтуынша, Жол картасы аясында ХЕҰ-мен бірлесіп еңбек қауіпсіздігі мен еңбек инспекциясы саласында үш талдамалық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта ХЕҰ-ның №176 Конвенциясын (шахталардағы еңбек қауіпсіздігі туралы) ратификациялау жөніндегі заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Сонымен қатар 2026 жылға арналған заң шығару жұмыстары шеңберінде кәсіптік тәуекелдерді басқарудың проактивті жүйесіне көшуге бағытталған түзетулер әзірленді.

Кездесу барысында еңбекақы төлеу және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшерін айқындаудың жаңа әдістемесі енгізіліп, ХЕҰ-ның №131 Конвенциясы ратификацияланды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың келісуінде әлеуметтік қамсыздандырудың ең төменгі нормалары туралы №102 Конвенцияны ратификациялау жөніндегі заң жобасы қаралуда. Бұдан бөлек, №190 Конвенцияны ратификациялауға дайындық аясында қызметкерлерді жұмыс орнындағы харассменттен қорғауға бағытталған түзетулердің алғашқы топтамасы әзірленді.

«Біз қалыптасқан сындарлы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және Елдік бағдарламаны әзірлеу мен іске асыруды қамтитын жаңа кезеңде өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайын екенімізді растаймыз», – деді ҚР ЕХӘҚМ басшысы.

Ынтымақтастықтың жаңа форматына көшу жөніндегі қағидатты келісімге биылғы маусым айында ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбомен өткен кездесу барысында қол жеткізілді. Болашақ бағдарламаның негізгі бағыттарының қатарында әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту, әлеуметтік әріптестікті дамыту, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жұмыс орнындағы қысым көрсету әрекеттерінің алдын алу, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалын зерделеу мәселелері бар.

«Біздің алдағы ынтымақтастығымыз әлеуметтік әділеттілік пен орнықты даму саласындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді деп сенемін», – деп түйіндеді Асқарбек Ертаев.

Өз кезегінде Михаил Пушкин Қазақстанда Елдік бағдарламаны ілгерілетуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Іс-шараға сондай-ақ ҚР ЕХӘҚМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ХЕҰ бюросының еңбек инспекциясы және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі маманы Дарко Дочинский, сондай-ақ ХЕҰ-ның Астана қаласындағы жобалық кеңсесінің ұлттық жоба үйлестірушісі Сауле Исабекова қатысты.