
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған ведомство басшылығы, жүйе ардагерлері, сондай-ақ мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған жас мамандар қатысты.
Дәстүр бойынша жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталып, кейін қатысушыларға ҚР ЕХӘҚМ басшысы Асқарбек Ертаев құттықтау сөз арнады.
Министр өз сөзінде заң үстемдігіне, тәртіпке, ашықтық пен қоғам алдындағы жауапкершілік қағидаттарына негізделген Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған жүйелі реформаларды іске асырудағы мемлекеттік аппараттың айрықша рөлін атап өтті.
«Мемлекеттік қызмет – халық сеніміне адал болуды талап ететін үлкен жауапкершілік. Мемлекеттік аппараттың тиімділігі ең алдымен онда қызмет ететін мамандардың кәсібилігіне, адалдығы мен жауапкершілігіне байланысты. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беретін, ашық әрі нәтижеге бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыру», – деді Асқарбек Ертаев.
Сондай-ақ министр мемлекеттік қызмет жүйесіндегі негізгі заңнамалық жаңашылдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, биылғы жылдың 19 мамырында Мемлекет басшысы мемлекеттік басқарудың сервистік моделін дамытуға бағытталған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясына қол қойғанын атап өтті. Жаңа құқықтық негіз аясында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына, мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге және мінсіз бедел институтын енгізуге басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы 2026 жылғы наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, адам құқықтарын қорғауға, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін арттыруға арналған өзекті құқықтық негіз қалыптастырғанын еске салды. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге жаңару мен реформаларды тиімді іске асыруда, сондай-ақ конституциялық құндылықтарды қоғам өміріне орнықтыруда ерекше міндет жүктеледі.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар ант қабылдап, Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға, азаматтардың мүддесіне адал қызмет етуге және өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауға серт берді.
Салтанатты жиын барысында сала қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттауға ерекше көңіл бөлінді. Мінсіз қызметі және әлеуметтік-еңбек саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерлер ведомстволық наградалармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жас буынға ақжарма тілегін мемлекеттік қызмет ардагері, ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Шериязданов жеткізді. Ол көпжылдық еңбек тәжірибесімен бөлісіп, сабақтастық дәстүрін сақтаудың, кәсібилік пен өз ісіне адалдықтың маңыздылығын атап өтті.