Бахтияр Жазықбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

Бахтияр Жазықбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында ол өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдады.

Вице-министр жұмыс сапарын Жастар ресурстық орталығы базасында өңір тұрғындарымен кездесуден бастады. Кездесу барысында Бахтияр Жазықбаев мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы адамға бағдарланған тәсілдің басымдығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің басты құндылығы – адам. Біздің жұмысымыз әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыруға, көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтардың әрқайсысына дер кезінде әрі нақты жетуін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын арттыратын цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізіп келеміз», – деді вице-министр.

Кездесу барысында облыстағы әлеуметтік қолдау шараларының іске асырылу барысы жан-жақты қаралды. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша өңірде зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны 243,8 мыңнан асады. Оларға төленген төлемдердің жалпы көлемі 130 млрд теңгені құрады.

Бұдан кейін вице-министр ҚР ЕХӘҚМ өкілдерімен және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірге «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» КММ мен «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ-сінде болды. Мекемелердің қызметімен танысу барысында әлеуметтік қызметтерді біріздендіру, аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын арттыру және халықтың әлеуметтік осал санаттарымен жұмысты жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сапар аясында жұмыспен қамту саласын цифрлық трансформациялау мәселесіне де басымдық берілді. Бахтияр Жазықбаев «Электрондық еңбек биржасы» порталында жасанды интеллект технологияларын енгізудің жаңа тәсілдері туралы айтып, бос жұмыс орындары мен оқыту курстарын автоматты түрде іріктеуге мүмкіндік беретін AI-көмекшінің мүмкіндіктеріне тоқталды. Бұл шешім жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ұлан ауданында вице-министр Қасым Қайсенов кентіндегі Мансап орталығының жұмысымен танысты. Онда азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету бағытындағы жұмыстар қаралды. Бүгінде облыста шамамен 6,1 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 1 781 адам Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жұмысқа орналастырылған.

Жұмыс сапарының қорытындысында Бахтияр Жазықбаев азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты түсініктемелер берді. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелерді вице-министр жеке бақылауына алып, ҚР ЕХӘҚМ-нің тиісті құрылымдық бөлімшелеріне қолданыстағы заңнама шеңберінде олардың шешілуіне жәрдемдесу жөнінде тапсырмалар берді.