
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте азаматтардың шетелдегі құқықтарын қорғауға бағытталған онлайн құралдарды енгізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ еңбек нарығын мониторингтеуге арналған жасанды интеллект алгоритмдері таныстырылып, олардың бейресми жұмыспен қамту және жалақыны төмендетіп көрсету фактілерін анықтауға көмектесетіні айтылды.
ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Елдар Күзенбаев жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің тізілімін цифрландыру және олардың қызметін бақылау тетіктерін жетілдіру бағытындағы тәсілдер туралы баяндады. Бүгінде елімізде шамамен осындай 400 жеке агенттік қызмет атқарады. ҚР Парламенті Мәжілісі мақұлдаған көші-қон мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында уәкілетті органға аталған агенттіктердің қызметіне мемлекеттік бақылау жүргізу құзыреті беріледі.
Реттеуші шараларды іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында QazETA экожүйесі (migration.enbek.kz платформасы) негізінде жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің цифрлық тізілімін іске қосу жоспарланып отыр.
«Жаңа модель азаматтың агенттікті таңдауынан бастап оның шетелде нақты жұмысқа орналасуы мен Қазақстанға оралуына дейінгі барлық үдерістің ашықтығын қамтамасыз етеді. Жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тізілімге енгізу мемлекеттік дерекқорлар арқылы біліктілік талаптарына сәйкестігіне, салық берешегінің және сот шектеулерінің жоқтығына автоматты түрде тексерілгеннен кейін электрондық форматта жүзеге асырылады. Адал қызмет көрсететін агенттіктер туралы ақпарат тізілімнің ашық бөлігінде азаматтар үшін толық қолжетімді болады», – деді Елдар Күзенбаев.
Сонымен қатар цифрлық модель аясында жекеше жұмыспен қамту агенттіктері азаматтармен қызмет көрсету шарттарын тек платформа арқылы жасасуға міндеттеледі. Бұл бейресми келісімдер мен жасырын комиссияларды болдырмауға мүмкіндік беруі тиіс. Сондай-ақ бос жұмыс орындарын мониторингтеу жүйесі, шетелдік жұмыс берушілерді верификациялау (оның ішінде ҚР СІМ-мен өзара іс-қимыл арқылы) және құқық бұзушылықтарға жедел ден қою үшін агенттіктерді тәуекел деңгейі бойынша жіктейтін бақылау жүйесі енгізіледі. Осы тәсілдерді әзірлеу барысында Филиппин, Сингапур, Ұлыбритания және Австралияның табысты тәжірибесі жан-жақты зерделенді.
Күн тәртібіндегі екінші маңызды мәселе Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін (ЕШЕБЖ) жаңғырту болды. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Ерасыл Жұманбаев Мемлекеттік кірістер комитеті жүргізетін салық есептілігін кейінгі талдаудың орнына әзірленген нақты уақыт режиміндегі деректерді салыстырудың жаңа тетіктерін таныстырды.
Ұсынылып отырған алгоритм ЕШЕБЖ-дегі еңбек шарттары туралы мәліметтер мен нақты аударылған міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) ай сайын автоматты түрде салыстыруды көздейді.
«ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп еңбек шарттарының болуын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік беретін интеграция пысықталуда. Егер қызметкерлер тізімі енгізілген кезде жүйе ЕШЕБЖ-де тіркелген еңбек шартының жоқ екенін анықтаса, жұмыс беруші заңбұзушылық жойылғанға дейін декларацияны толтыруды жалғастыра алмайды. Бұл есептілік тапсыру кезінде тіркелмеген жұмыспен қамту фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді ЕРДО басшысы.
«Конвертпен» жалақы төлеу фактілерімен күресу үшін арнайы жасанды интеллект моделі іске қосылады. ЕШЕБЖ мен МЗЖ деректері негізінде жасанды интеллект өңірлер бөлінісінде және біліктілік деңгейін ескере отырып, кәсіптер бойынша эталондық (медианалық) жалақыны тоқсан сайын есептеп отырады. Егер көрсеткіш эталоннан жүйелі түрде 50%-дан астам ауытқыса, жұмыс берушінің жеке кабинетіне автоматты хабарлама жіберіледі. Кәсіпорын тарапынан жиынтық есеппен 60 күн ішінде негізделген түсініктеме берілмеген жағдайда оған ықпал ету шаралары қолданылады: жоғары тәуекел тобына енгізу, жұмыс орындарын мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін шектеу және мемлекеттік сатып алулардағы жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізу.
ЕШЕБЖ дерекқорының толықтығын қамтамасыз ету үшін қазірдің өзінде штаттық кестелер мен электрондық шарттарды есепке алу енгізілген. Ал келесі кезеңдерде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды, жалақы сақталмайтын әлеуметтік демалыстарды міндетті тіркеу және кәсіпорын таратылған жағдайда еңбек шарттарының тоқтатылуын тіркеу нормаларын заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарлануда. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлерді қамтуды кеңейту мақсатында Kaspi мобильді қосымшасымен сервистерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде.
Қаралған екі мәселенің қорытындысы бойынша министр Асқарбек Ертаев Көші-қон комитетіне «ЕРДО» АҚ және Жеке жұмыспен қамту агенттіктері қауымдастығымен бірлесіп, жеке жұмыспен қамту агенттігі қызметін реттеудің цифрлық тәсілдерін іс жүзінде енгізуді бастауды, сондай-ақ кадрлық сервистерді интеграциялау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Аппараттық кеңес барысында сондай-ақ Заң қызметі департаментінің директоры Серік Берқамаловтың министрліктің жаңа Конституция нормалары мен басым нормативтік құқықтық актілерді іске асыруы жөніндегі баяндамасы және құрылымдық бөлімшелер басшыларының есептері тыңдалды.