Ербол Тұяқбаев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

Ербол Тұяқбаев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады, сондай-ақ бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.

Облыс тұрғындарымен кездесуді ашқан Ербол Тұяқбаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, халықты жұмыспен қамтуды арттыру, азаматтардың табысын өсіру, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру және еңбек нарығын дамыту бағытындағы жұмыстар туралы жан-жақты баяндады.

Бірінші вице-министр Түркістан облысы еліміздегі еңбек және демографиялық әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан ірі өңірлердің бірі екенін атап өтті.

«Бүгінгі біздің міндетіміз – тек жұмыс орындарын құру ғана емес, халық табысының тұрақты өсуін және азаматтардың өмір сүру сапасының жақсаруын қамтамасыз ету. Мемлекеттік саясат адамдардың жұмыспен қамтылу, кәсіби тұрғыдан дамып, отбасының әл-ауқатын арттыру үшін нақты мүмкіндіктер беруі тиіс», – деді Ербол Тұяқбаев.

Кездесу барысында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Олардың қатарында халық табысын арттыру, сапалы жұмыспен қамтуды дамыту, тұрақты жұмыс орындарын құру, жастарды қолдау, әлеуметтік қолайсыздық деңгейін төмендету, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелері бар.

Жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту және еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау және мемлекеттік сүйемелдеуді қажет ететін отбасылармен атаулы жұмыстың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Кездесу аяқталғаннан кейін Ербол Тұяқбаев азаматтарды жеке қабылдады. Өңір тұрғындары зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік төлемдер, еңбек қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Әрбір мәселе бойынша тиісті түсіндірулер беріліп, нақты тапсырмалар жүктелді. Барлық көтерілген мәселелер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылауына алынды.

Жұмыс сапары аясында бірінші вице-министр Түркістан облысының Еңбек мобильділігі орталығының қызметімен танысты. Онда халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тиімділігін арттыру және еңбек нарығы инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту мәселелері қаралды.

Сонымен қатар Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшылығымен және кәсіподақ өкілдерімен кеңес өтті. Кеңес барысында еңбек қауіпсіздігі жүйесін жетілдіру, өндірістік тәуекелдердің алдын алу және өңір кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Бағдарламаның келесі бөлігі әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралауға арналды. Ербол Тұяқбаев мүгедектігі бар азаматтар үшін жұмыс орындары құрылған «Ақниет Holding» қоғамдық бірлестігінің жиһаз зауытында, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар жастарды оқыту және әлеуметтік бейімдеумен айналысатын Кентау қаласындағы мамандандырылған кәсіптік колледжде болды.

Жұмыс сапары «Кентау трансформатор зауыты» АҚ қызметімен танысумен аяқталды. Кәсіпорын жұмысын зерделеу барысында өндірісті дамыту, кадрлар даярлау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселелері қаралды.

Сапар қорытындысын шығара отырып, Ербол Тұяқбаев өңірдің одан әрі дамуы сапалы жұмыс орындарын құруға, еңбек өнімділігін арттыруға, жастарды қолдауға және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын нығайтуға негізделуі тиіс екенін атап өтті.