ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, өңір тұрғындарымен және азаматтық сектор өкілдерімен кездесті, азаматтарды жеке қабылдады, сондай-ақ бірқатар медициналық-әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты. Сапардың негізгі мақсаты – арнаулы әлеуметтік қызметтердің жергілікті жерде көрсетілу сапасына мониторинг жүргізу, әлеуметтік-еңбек саласындағы негізгі реформаларды түсіндіру және «адам – мемлекеттің басты құндылығы» қағидаты аясында тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу болды.

Қоғам өкілдерімен өткен кездесуде вице-министр мемлекет қабылдаған барлық әлеуметтік міндеттемелердің уақытылы әрі толық көлемде орындалып жатқанын атап өтті. Биылғы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Ақмола облысында 225,7 мыңнан астам адам зейнетақы және жәрдемақы төлемдерімен қамтылған. Оларға жалпы сомасы 94,4 млрд теңге төленген. Кездесу барысында азаматтардың табысын арттыру және атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда өңірде АӘК алушылар саны 3,9 мың адамды құрайды. Министрлік жүргізген талдау нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті көмек алушылардың 67,4%-ы жұмыспен қамтылғанымен, табыс деңгейі әлі де төмен күйінде қалып отыр. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға мұндай азаматтарды қайта оқыту, біліктілігін арттыру және Цифрлық жұмыспен қамту қызметінің құралдары арқылы жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарына орналастыру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Жұмыс сапары аясында Виктория Шегай Шортанды ауданындағы Жолымбет және Дамса кенттерінде, сондай-ақ Бурабай ауданындағы Щучинск қаласында орналасқан Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысты. Вице-министр егде жастағы азаматтар мен мүгедектігі бар адамдарға жасалған тұрмыс жағдайларын, емдеу-оңалту базасын және көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалады.

Ол ведомствоның арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшуді жалғастырып жатқанын атап өтті. Бұл ретте цифрлық мониторинг құралдары мен жасанды интеллект технологияларын енгізу көзделуде. Мұндай тәсіл қызмет көрсету үдерісіндегі формализмді азайтып, қызмет алушылардың құқықтарын қорғаудың ашық әрі тиімді тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесулер барысында еңбек қатынастарын реттеу және жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды. Осы жылдың алғашқы төрт айында Ақмола облысында өндірістегі жазатайым оқиғалардың тіркелу көрсеткіші 59%-ға артқаны айтылды. Вице-министр бұл өсім еңбек жағдайларының нашарлауымен емес, есепке алу жүйесінің ашықтығы мен бақылаудың күшеюімен байланысты екенін түсіндірді.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бақылауды күшейтуі, сондай-ақ өңірдегі полиция органдары мен медициналық мекемелер арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижесінде бұрын жасырылып келген өндірістік жарақаттану фактілері анықталып, ресми түрде тіркеле бастаған.

Азаматтарды жеке қабылдау және қоғамдық кездесулер қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, арнайы тізілімге енгізілді. Виктория Шегай Ақмола облысындағы өзекті мәселелерді шешуге арналған жұмыстардың жоспарын бекітті. Құжатта әрбір жеке және жүйелі мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар айқындалып, нақты орындау мерзімдері белгіленген.

Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, еңбек қатынастарын заңдастыру және әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігін арттыру мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тұрақты бақылауында.