Еңбек министрлігі кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуын бақылауды күшейтеді

Еңбек министрлігі кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуын бақылауды күшейтеді

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының аяқталуы, оқушылардың жазғы демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Жасөспірімдердің қауіпсіз еңбек қызметін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баяндама жасады.

«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай, елімізде еңбек етуге рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалар саны 1 млн 700 мын құрайды. Министрліктің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер бойынша бүгінгі күні ресми түрде 5 мың 300 оқушы жұмыспен қамтылған. Жасөспірімдердің басым бөлігі – сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді. Бұл – олардың алғашқы еңбек тәжірибесін меңгеретін бағыттар. Мамандықтар бойынша – көгалдандыру жұмысшылары, курьерлер, даяшылар, сатушы-консультанттар, аспаз көмекшілері, аниматорлар болып еңбек етеді», – деді министр.

Сонымен қатар ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оқушыларды жұмыспен қамтуға, кәсіптік бағдарлауға және оқытуға бағытталған кешенді шараларды іске асырып жатқанын атап өтті. Enbek.kz порталындағы «Менің жазғы демалысым» арнайы бөлімі 14 жастан бастап жастарға тексерілген бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеуге және ресми еңбек шарттарын жасауға мүмкіндік береді. 2026 жылдың басынан бері платформа арқылы 1 024 оқушы жұмысқа орналасса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4 552 адамды құраған.

«Оқушылардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға орналастырылған. Өйткені қатысу кезінде алған білімі талап етілмейді. Ағымдағы жылы оқу процесі аяқталғаннан кейін жұмысқа орналастыру қамтамасыз етіледі. Оқушылар үшін Skills.Enbek.kz порталында тегін және ақылы түрде онлайн курстар қолжетімді. Курстар әр түрлі салада ұсынылған. Жаңа кәсіптік дағдыны меңгеруге мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде өткен жылдан бастап Skills.Enbek.kz порталында 500 мыңнан астам оқушы жұмыс іздеу дағдыларын үйренді. Оның ішінде Enbek.kz порталында резюмені сауатты толтыруды меңгерді. Мансап жолын дұрыс таңдауға көмектесу үшін «Мансап компасы» платформасы іске қосылды», – деді ведомство басшысы.

Асқарбек Ертаев 100 мыңға жуық бала мен ата-ананың қатысуымен жүргізілген ауқымды сауалнама нәтижелерімен бөлісті. Зерттеу қорытындысы жасөспірімдердің жұмыс істеуге ынтасы жоғары екенін көрсетті. Алайда олардың еңбек құқықтарының жиі бұзылатыны да анықталған. Атап айтқанда, жасөспірімдердің басым бөлігі (70%) ресми еңбек шартынсыз жұмыс істеген. Олардың шамамен жартысы кешкі немесе түнгі уақытта еңбек еткен болса, әрбір оныншы жасөспірім жалақысының кешіктірілуіне немесе мүлде төленбеуіне тап болған.

Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында 2026 жылдың басынан бері елімізде арнайы ведомствоаралық жоспар жүзеге асырылуда. Оның аясында Еңбек кодексі мен сақтандыру туралы заңға түзетулер әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, жұмыс берушілердің еңбек ететін жасөспірімдерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша жауапкершілігін күшейту ұсынылуда. Бұл кәмелетке толмаған қызметкерлердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар заңнамада балалардың жас ерекшелігіне қарай рұқсат етілетін және тыйым салынатын еңбек түрлері нақты айқындалады. Бұл өзгерістердің барлығы балалар құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық стандарттар мен ХЕҰ-ның №182 Конвенциясына толық сәйкес келеді.

Сонымен бірге министрлік бақылаудың жаңа цифрлық форматтарына көшуде. Қызметкерлер саны 10 адамнан асатын кәсіпорындарды мониторингтеу Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы негізінде автоматтандырылады. Еңбек инспекторлары бейресми жұмыспен қамту тәуекелі жоғары құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларына ерекше назар аударады. Сондай-ақ ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіледі. Ведомствоның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуын толықтай көлеңкелі сектордан шығару.

«Жасөспірімдерді жазғы жұмыспен қамту – бұл алғашқы табыстарын табу мүмкіндігі ғана емес. Бұл баланың ерте жастан кәсіптік бағдар алуына, еңбек қабілетін нығайтуға және еңбек нарығына бірінші қадам басуына үлкен мүмкіндік. Ең бастысы, бұл тәжірибе – ресми, қауіпсіз және қорғалған болуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу және бақылауды күшейту жұмыстары жалғасатын болады», – деп түйіндеді Еңбек министрлігінің басшысы.