Қазақстанда көші-қон әлеуетін бағалаудан өту кезіндегі заңсыз делдалдықтың алдын алу жұмыстары жалғасады

Қазақстанда көші-қон әлеуетін бағалаудан өту кезіндегі заңсыз делдалдықтың алдын алу жұмыстары жалғасады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон әлеуетін критериалды бағалаудан өту кезінде жекелеген тұлғалардың шетелдік азаматтарға ақылы делдалдық қызмет көрсету жағдайларын назарда ұстайды.

Ведомство бағалау рәсімі тек қана жеке тәртіппен жүргізілетінін және өтініш берушінің бейімделу, кәсіби әрі интеграциялық әлеуетін объективті түрде анықтауға бағытталғанын еске салады. Бағалаудан өту делдалдарды тартпай, шетелдік азаматтың жеке өзінің қатысуын көздейді.

Рәсімге араласудың кез келген әрекеті, соның ішінде дайын жауаптарды ұсыну, бағалаудан өту кезінде көмектесу немесе ақшалай сыйақы үшін «кепілдендірілген» нәтижеге уәде беру белгіленген ережелерге қайшы келеді.

Барлық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету, шетелдік азаматтарды жаңылыстыру жағдайларының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Министрлік сондай-ақ дербес деректерді үшінші тұлғаларға беру және ресми емес делдалдарға жүгіну белгілі бір құқықтық тәуекелдерге әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.

Шетелдік азаматтарға тек ресми ақпарат көздерін пайдалану және қолданыстағы талаптарға сәйкес бағалаудың барлық кезеңдерінен дербес өту ұсынылады. Нәтижелер өтініш берушінің жеке мәліметтері мен дайындық деңгейі негізінде қалыптасады.

Бұл саладағы бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жалғасатын болады.