
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке көмекші қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны жариялады. Жаңа бастама мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау жүйесін неғұрлым икемді, ашық және заманауи форматқа көшіруге бағытталған. Негізгі мақсат – ескірген бюрократиялық рәсімдерден бас тартып, көмекші мен қызмет алушы арасындағы өзара байланысты толықтай цифрлық жүйеге бейімдеу.
Жобадағы басты жаңашылдықтардың бірі – жеке көмекші қызметінің азаматтық-құқықтық қатынас ретінде нақты бекітілуі. Бұл аталған қызметтің еңбек қатынастары санатына жатпайтынын айқындайды. Нәтижесінде жеке көмекшілер мен қызмет алушылар үшін артық қағазбастылық жойылып, жұмыс уақытын есептеу табельдерін жүргізу және өмірлік жағдайларға сәйкес келе бермейтін қатаң кестелерге бейімделудің қажеті болмайды.
Жаңартылған тәсіл бойынша қызмет көрсету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар азаматтың нақты өтінімі негізінде жүзеге асырылады. Бұл жүйенің адамның нақты қажеттілігіне қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Яғни, сүйемелдеу медициналық ұйымдарға, мемлекеттік мекемелерге немесе өзге де инфрақұрылым нысандарына бару қажет болған жағдайда ғана ұсынылады. Сонымен қатар төлем әр орындалған өтінім бойынша жүргізіледі. Бұл нақты көрсетілген қызмет көлеміне сай әділ ақы төлеуді қамтамасыз етеді. Ал қызметтің орындалуын алушының ақпараттық жүйе арқылы жеке растауы бюджет қаражатының мақсатты әрі сапалы жұмсалуына кепіл болады.
Еліміз бойынша бірыңғай стандарттарды қалыптастыру мақсатында министрлік тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалатын үлгілік шарт нысанын енгізуді ұсынып отыр. Бұл шешім жеке көмекшілердің де, қызмет алушылардың да мүддесін қорғауға мүмкіндік береді. Цифрлық есепке көшу әкімшілік кедергілерді азайтып қана қоймай, әр өңірдегі қызметке деген нақты сұранысты бақылауға жол ашады. Жалпы, енгізілетін өзгерістер мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттырып, оны алу үдерісін барынша жедел әрі ыңғайлы етуге бағытталған.
Жоба бойынша толық ақпаратпен «Ашық НҚА» порталында танысып, ұсыныстар мен пікірлер қалдыруға болады.