Бірінші вице-министр құрылыс компанияларын еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды

Бірінші вице-министр құрылыс компанияларын еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде құрылыс саласындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, кәсіподақ орталығының өкілдері және елорданың ірі құрылыс компаниялары қатысты.

Кеңесті ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарына формалды қарау мен негізгі нормаларды елемеу қазіргі мемлекеттік саясат қағидаттарына мүлде қайшы екенін атап өтті.

Ол бүгінде салада жұмыс қарқыны күшейіп, құрылыс маусымы қызған кезең басталғанын айтып, әрбір нысанда қауіпсіздік талаптарының сақталуына күшейтілген әрі жеке бақылау қажет екенін жеткізді.

Өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы елордадағы құрылыс саласында өндірістік жарақаттану деңгейінің өсуіне ерекше назар аударып, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты әрі нәтижелі шаралар қабылдауды тапсырғаны айтылды.

Осыған байланысты мемлекеттік саясаттың негізінде 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның 1-бабында бекітілген қағидат жатқандығы атап өтілді. Аталған нормаға сәйкес мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

«Әрбір жұмыс беруші мынаны нақты түсінуі тиіс: жұмысшылардың қауіпсіздігіне үнемдеуге болмайды. Касканың, қауіпсіздік белбеуінің, нұсқаманың немесе еңбек шартының болмауы – жай формалдылық емес, адам өміріне төнетін тікелей қауіп әрі қатаң жауапкершілікке негіз. Әрбір статистиканың артында адам тағдыры, отбасының қайғысы мен орны толмас шығын тұр. Қауіпсіздік ескерілмеген жерде ақталуға негіз жоқ», – деді Ербол Тұяқбаев.

Кеңес барысында еңбек заңнамасын қатаң сақтау, еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шарттармен алмастыруға жол бермеу, қызметкерлерді міндетті сақтандыру, шетелдік жұмыс күшін заңды тарту мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ бас мердігерлердің қосалқы мердігер ұйымдарға бақылауын күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) мәліметтерді уақтылы енгізуі міндетті екені ескертілді. Бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Министрлікте өндірістік жарақаттанудың барлық жағдайы мемлекеттің ерекше бақылауында екені айтылды. Ал еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін салдарына қарай әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Сонымен қатар жүйелі заңбұзушылықтар анықталған жағдайда шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттарды кері қайтарып алу, сондай-ақ құрылыс қызметіне берілген лицензиялардың күшін тоқтату немесе қайтарып алу мәселелері қаралатыны атап өтілді.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті мен аумақтық департаменттерге құрылыс нысандарындағы бақылауды күшейту, профилактикалық жұмыстарды жандандыру және тұрақты көшпелі мониторингтер ұйымдастыру тапсырылды.

Елорда қарқынды дамып жатқан кезеңде құрылыс саласы қауіпсіздік мәселесіне формалды түрде қарауға жол бере алмайды. Себебі әрбір заңбұзушылықтың артында адам өмірі тұр және жұмыс берушінің шынайы жауапкершілігі дәл осы өлшеммен бағаланады.

Кеңеске BI Group, Bazis-A, Damu Development, Qazaq Stroy, Sensata Construction, NAK, Tumar Group, Orda Construction секілді елорданың ірі құрылыс компанияларының өкілдері қатысты.