Астанада көші-қон саясатын жетілдіру және шетелдік мамандарды тарту тетіктері талқыланды

Астанада көші-қон саясатын жетілдіру және шетелдік мамандарды тарту тетіктері талқыланды

ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің төрағасы Эльдар Күзенбаев көші-қон заңнамасын жаңғырту мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізді. Талқылауға «Отандастар қоры» КеАҚ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сарапшылары, Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) өкілдері, сондай-ақ отандық бизнес қауымдастық мүшелері мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстанның көші-қон саясатын кешенді жетілдіру мәселесі болды. Қатысушылар шетелдік капитал тарту тетіктерін жаңғырту, жоғары білікті шетелдік мамандар, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін елге келу және ұзақ мерзімді еңбек қызметін жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау мәселелерін жан-жақты талқылады.

Эльдар Күзенбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда сервистік тәсілге негізделген көші-қон ағындарын реттеудің жаңа әрі бәсекеге қабілетті моделі қалыптасып жатқанын атап өтті.

«Негізгі құралдардың бірі ретінде «Алтын виза» институты енгізіледі. Ол инвестициялық және жоғары білікті резиденттік жүйені қамтып, шетелдік инвесторлар мен сұранысқа ие мамандар үшін бірқатар артықшылықтар ұсынады. Бұл тетік экономиканың дамуына қажетті инвесторлар мен тапшы кадрлардың құқықтық мәртебесін ұзақ мерзімге бекітуге бағытталған. «Алтын виза» олардың Қазақстанда жұмыс істеуі мен қызмет жүргізуін едәуір жеңілдететін кең мүмкіндіктер пакетін ұсынады», – деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының дипломдарын автоматты тану, лицензияланатын қызмет түрлеріне шетелдік сарапшыларды жіберу рәсімдерін жеңілдету және гибридті әрі трансшекаралық жұмыспен қамтудың икемді форматтарын құқықтық тұрғыдан дамыту көзделіп отыр.

Кездесу барысында көші-қон үдерістерін технологиялық жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сервистік модельге көшу көші-қон қызметтерін терең цифрландыру арқылы жүзеге асырылады. Реформа жобасы аясында цифрлық резидент құжатын енгізу және e-Resident модулімен жабдықталған арнайы QazETA платформасын толық іске қосу жоспарланған.

Бұл экожүйе «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, Astana Hub халықаралық технопаркінің технологиялық инфрақұрылымымен толық интеграцияланады. Нәтижесінде Қазақстанға цифрлық жағынан қабілетті мамандарды тартуға мүмкіндік артады.

Күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмі бекітіліп, жауапкершілік аймақтары айқындалды. «Отандастар қоры» КеАҚ шетелде кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін негізгі оператор ретінде белгіленді. Сонымен қатар қорға «Алтын виза» алуға ниет білдірген тұлғалардың өзекті тізімін қалыптастыру және жүргізу міндеті жүктелді.

Қазіргі уақытта әзірленген заң жобасы Президент Жарлығында айқындалған шараларды іске асыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен келісу кезеңінен өтіп жатқаны атап өтілді. Отырыс барысында бизнес құрылымдары мен халықаралық сарапшылар ұсынған барлық конструктивті ұсыныстар жұмысқа қабылданып, нормативтік-құқықтық актіні одан әрі жетілдіру кезінде ескерілетін болады.