
Астанада жасанды интеллект дәуіріндегі еңбек саласының жаһандық трансформациясына арналған Қазақстан жұмыс берушілер қауымдастықтарының алғашқы ұлттық «PARYZ NEF 2026» форумы өтті. Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) мен Халықаралық жұмыс берушілер ұйымының (IOE) қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қатысты. Панельдік сессия барысында министр еңбек нарығындағы негізгі өзгерістерге тоқталып, жаңа экономикалық жағдайларға бейімделген кадрларды даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Министрдің айтуынша, 2035 жылға қарай жасанды интеллект Қазақстандағы мамандықтардың шамамен жартысына әсер етеді, ал 4 млн-ға жуық қызметкерге жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын меңгеру қажет болады.
«Бүгінде еңбек нарығы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект, автоматтандыру, роботтандыру және платформалық жұмыспен қамту экономика, бизнес және әрбір қызметкерге тікелей ықпал ететін жаңа шынайылықты қалыптастыруда», – деді Асқарбек Ертаев.
Осы өзгерістерге жауап ретінде Еңбек министрлігі жұмыспен қамту жүйесін төрт негізгі бағыт бойынша кешенді трансформациялауды жүзеге асыруда.
Бірінші бағыт – кадр даярлау жүйесін экономиканың нақты қажеттіліктерімен үйлестіру. Қазақстанда кадрларға деген сұранысты болжау жүйесі жұмыс істейді және экономиканың негізгі салаларының 97%-ын қамтитын Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту қолға алынған. Бүгінде 4,5 мың мамандық бойынша кәсіптік стандарттар цифрландырылған. Келесі кезеңде сұранысқа ие дағдыларды болжау және жаңа кәсіптік стандарттарды әзірлеу үшін жасанды интеллект сервистерін енгізу жоспарланып отыр.
Екінші бағыт – азаматтардың дағдыларын жедел жаңарту және қайта даярлау. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық кәсіптер трансформациясы орталығы құрылуда. Skills.Enbek платформасы арқылы биыл шамамен 100 мың адам оқытудан өтеді, ал 10 мыңнан астам азамат сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша қысқа мерзімді даярлықтан өте алады.
Үшінші бағыт – цифрлық жұмыспен қамту қызметін қалыптастыру. Ведомствоаралық деректер мен жасанды интеллект технологиялары негізінде жүйе жұмыссыздық тәуекелдерін алдын ала анықтап, азаматтарға дербес қолдау шараларын ұсынатын болады. 2026 жылғы маусымнан бастап екі өңірде жұмыспен қамту шараларын іріктеуге арналған ЖИ-агентті енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады.
Төртінші бағыт – платформалық жұмыспен қамтуды дамыту және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды күшейту. Заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бүгінде платформалық жұмыспен қамтылған 400 мыңға жуық азамат үшін міндетті әлеуметтік төлемдер аударылған.
Министрлік еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне де ерекше назар аударып отыр. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өндірістік тәуекелдерді болжау, өндірістегі жарақаттанудың алдын алу және еңбек дауларына жол бермеу үшін заманауи шешімдер енгізілуде. Жақын арада нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларын ЖИ-мониторинг арқылы бақылайтын және болжамды талдау жүргізетін бірыңғай ситуациялық орталық іске қосылады.
«Біз жұмыс берушілермен, салалық қауымдастықтармен, білім беру ұйымдарымен және цифрлық платформалармен бірлесіп жұмыс істеуге ашықпыз. Тек серіктестік арқылы ғана сапалы кадр даярлау, цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту және Қазақстанда жаңа еңбек мәдениетін қалыптастыруды қамтамасыз ете аламыз», – деп атап өтті министр.
Асқарбек Ертаев сөз соңында форум қатысушыларын кәсіптік стандарттарды әзірлеу, кадр даярлау, платформалық жұмыспен қамтуды заңдастыру және еңбек нарығының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізудегі практикалық әріптестікке шақырды.