Еңбек министрі Асқарбек Ертаев «Ардагерлер ұйымы» РҚБ XI съезіне қатысты

Еңбек министрі Асқарбек Ертаев «Ардагерлер ұйымы» РҚБ XI съезіне қатысты

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезекті XI съезіне қатысып, ұйым мүшелерін маңызды жиынның ашылуымен құттықтады.

Министр өз сөзінде съезд ұйымның атқарған жұмыстарын саралап, алдағы кезеңдегі басым бағыттарды айқындайтын маңызды алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл іс-шара ардагерлер ұйымдарының қызметіне жаңа серпін беріп, ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға ықпал етеді.

Асқарбек Ертаев ардагерлер қауымының қоғамдағы белсенділігіне, жастар тәрбиесіне қосып отырған үлесіне және патриоттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегіне жоғары баға берді.

«Ардагерлер – ел бірлігінің, қоғамдық келісім мен ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы. Сіздердің көпжылдық адал еңбектеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз бен ел дамуына қосқан үлестеріңіз өскелең ұрпақ үшін әрдайым тағылым мен өнеге болып қала береді», – деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы мемлекет тарапынан ардагерлерді әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Әлеуметтік төлемдер төленіп, жергілікті атқарушы органдар тарапынан көмек көрсетілуде. Бұдан бөлек, медициналық қызметтер мен арнаулы госпитальдарда емделу мүмкіндіктері қамтамасыз етілген.

Министр Мемлекет Басшысы айқындаған Әділетті Қазақстанды құру жолында аға буынның орны ерекше екенін атап өтіп, олардың ақыл-кеңесі мен азаматтық ұстанымы елдің тұрақты дамуына қызмет ете беретініне сенім білдірді.

Сөз соңында Асқарбек Ертаев съезд жұмысына табыс тілеп, барлық қатысушыларға зор денсаулық, бақ-береке және ел игілігі жолындағы қызметтеріне толайым жетістік тіледі.