
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектікті белгілеудің негізділігін, еңбекке қабілеттілікті жоғалту дәрежесін айқындауды және әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауды жүйелі түрде тұрақты бақылауда ұстап отыр. Медициналық құжаттарды талдау нәтижесінде қолдан жасау белгілері бар 167 дерек анықталды.
ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және оның аумақтық департаменттері медициналық ақпараттық жүйелермен интеграция арқылы медициналық-әлеуметтік сараптамаға келіп түсетін құжаттарды проактивті түрде, офлайн және қашықтан тексеруде.
Тексеру барысында жүйелік сипаттағы бұзушылықтар анықталды. Бұл жекелеген жағдайларда дәрігерлердің бір үлгідегі, қайталанатын медициналық қорытындыларды пайдалануы мүмкін екенін көрсетеді. Атап айтқанда әртүрлі пациенттерге бірдей мазмұндағы құжаттардың «көшірме» тәсілімен рәсімделгені тіркелген. Сонымен қатар зертханалық талдаулардың нәтижелері, анамнез және мамандардың қорытындылары толық сәйкес келетін жағдайлар анықталды. Мұндай құжаттарда тек пациенттердің жеке деректері мен тексеру күндері ғана өзгертіліп, негізгі мазмұны өзгеріссіз қалдырылған.
Анықталған барлық фактілер бойынша уәкілетті органдар тарапынан кешенді шаралар қабылдануда. Комитеттің аумақтық департаменттеріне бақылау қайта куәландыруларын жүргізу тапсырылып, қазіргі таңда олардың 73-і орындалды. Күмәнді жағдайлар бойынша әлеуметтік төлемдер уақытша тоқтатылды, ал заңбұзушылықтар расталған жағдайда мүгедектік тағайындау туралы бұрын қабылданған шешімдер заңнамаға сәйкес қайта қаралады. Барлық материалдар тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына, оның ішінде прокуратура мен экономикалық тергеп-тексеру департаменттеріне жолданды.
Деректерді талдау және мүгедектікті заңсыз рәсімдеу фактілерінің жолын кесу жұмыстары ҚР ЕХӘҚМ-нің тұрақты бақылауында және алдағы уақытта да жалғасын табады.