Еңбек министрлігі өңірлерде әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін өзектендіруде

Еңбек министрлігі өңірлерде әлеуметтік көмек көрсету тәсілдерін өзектендіруде

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәслихаттардың шешімдері негізінде азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру жұмысының аралық қорытындыларын шығарды. Бұл мәселе ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.

Қазіргі таңда өңірлердегі әлеуметтік көмектің түрлері мен көлемі әртүрлі, себебі олар жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне байланысты қалыптасады. Осыған байланысты жаңартылған қағидаларда біржолғы төлемдердің ең төменгі мөлшері бекітілді. Мерекелік және атаулы күндерге берілетін төлемдер үшін төменгі шек енгізіліп, енді мұндай көмек 2,5 АЕК-тен кем болмайды.

Қосымша қолдауды қажет ететін азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшері енді тікелей ең төменгі күнкөріс деңгейімен байланыстырылады. Бұл көрсеткіш республикалық бюджет туралы заңмен айқындалады. Соған сәйкес күнкөріс деңгейі артқан сайын көрсетілетін әлеуметтік көмек көлемі де автоматты түрде өседі.

Әлеуметтік көмектің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның түрлері, көлемі және көрсету шарттары кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріліп, «Е-Собес» ақпараттық жүйесіне енгізілуде.

Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманованың айтуынша, өңірлердің басым бөлігінде жаңа қағидаларды енгізу бойынша қажетті шешімдер қабылданған. Қазіргі уақытта мониторинг жүргізіліп, жаңартылған тәсілдер кезең-кезеңімен іске асырылуда. Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жұмыс әлеуметтік қолдаудың атаулылығын, ашықтығын және тиімділігін арттыруға бағытталған.