
2026 жылдың басынан бері әлеуметтік инспекторлар тарапынан барлығы 190 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 86-сы жоспардан тыс, 99-ы профилактикалық бақылау шеңберінде, ал 5 тексеру прокуратураның талап етуімен өткізілген. Тексерулер қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде 149 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 19,3 млн теңгеден асатын 64 айыппұл салынды.
Мемлекеттік бақылаумен түрлі саладағы нысандар қамтылды: 81 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым, 12 денсаулық сақтау мекемесі, 22 білім беру, 23 әлеуметтік қорғау нысаны, 12 мәдениет, 8 спорт нысаны, 7 көлік инфрақұрылымы объектісі, 5 қоғамдық тамақтану орны, 11 сауда нысаны және 9 өзге де ұйымдар.
Астана қаласы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті прокуратураның бастамасымен білім беру басқармасына қарасты 4 жеке мектепте жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексерулер нысандардың халықтың аз қозғалатын топтары үшін қолжетімділігі тұрғысынан өтті. Нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар беріліп, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Астана қаласының тұрғыны, ІІІ топтағы мүгедектігі бар Динара Спатаеваның айтуынша, соңғы жылдары мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділік айтарлықтай жақсарып келеді.
«Жыл сайын мүгедектігі бар жандар үшін қолжетімді орта қалыптасып келе жатқаны байқалады. Нысан иелері мен кәсіпкерлердің жауапкершілігі артып, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға деген көзқарас өзгеруде. Қазіргі жаңа ғимараттардың көпшілігінде пандустар, баспалдақтағы тұтқалар, тактильді жолақтар мен лифтілер бастапқыдан қарастырылған. Ал жұмыс істеп тұрған нысандар да барлық санаттағы мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы болуға бейімделіп келеді», – дейді ол.