А. Ертаев мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша жүргізіліп жатқан және жоспарланған жұмыстар туралы хабардар етті

А. Ертаев мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша жүргізіліп жатқан және жоспарланған жұмыстар туралы хабардар етті

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жүйелі шаралар мен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы баяндады.

Ведомство басшысы өз сөзінде бүгінгі таңда елімізде 752 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұратынын хабарлады. Бұл халықтың жалпы санының 3,7%-ын құрайды. Осы жылы мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан мүгедектігі бар адамдарды қолдауға жұмсалатын жиынтық шығыстар 1,1 трлн теңгені құрайды.

Инфрақұрылымды дамытудың маңызды бағыты туралы айта келе, А. Ертаев бүкіл ел бойынша 33 оңалту орталығы жұмыс істейтінін, мамыр айында Атырауда жаңа орталық ашу жоспарланғанын, тағы 7 мекеме құрылыс және ЖСҚ әзірлеу сатысында тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар аутистік спектр бұзылыстары бар балалар үшін «Samruk Kazyna Trust» және «Қамқорлық» қорларымен бірлесіп ашылған 15 арнайы орталық жұмыс істейді. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында лицензиялау процедурасы енгізілді – бүгінде лицензия негізінде 101 мың адамды қамтитын 622 ұйым жұмыс істейді.

Баяндамада инклюзивті жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы еңбекке қабілетті жастағы 413,7 мың мүгедектігі бар адамның 110,8 мыңы немесе 30%-ы жұмыспен қамтылды.

«Осы жылдан бастап біз 17 мыңға жуық мүгедектігі бар адамды квоталаумен қамтуды жоспарлап отырмыз, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Жұмысқа орналастыру үшін азаматтарды жұмысқа шыққанға дейін проактивті сүйемелдеуді қамтамасыз ететін цифрлық жұмыспен қамту қызметі енгізіледі», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.

Үзінді қызмет көрсетуден тұтас проактивті модельге көшу аясында Министр 2026 жылы әлеуметтік саланы трансформациялаудың үш негізгі бағытын жариялады:

 Біріншісі – балаларды оңалтуды дамыту. «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп 4 өңірде үй жағдайында оңалту бойынша пилоттық жоба сәтті іске асырылуда, оның арқасында 23 бала өз бетінше жүре бастады. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін жоба тағы 4 өңірге: Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе облыстарына таратылады.

 Екінші бағыт меншікті ортез өндірісін іске қосуды және бионикалық модульдер мен микропроцессорларды қоса алғанда, протездеудің заманауи технологияларын енгізуді көздейді.

 Үшінші бағыт – оңалтудың техникалық құралдарымен (ОТҚ) «жалдау және қайтару» моделі бойынша қамтамасыз етудің жаңа тетігін енгізу. Осы жылдың маусым айынан бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында бұл тәсілді апробациялау басталады. Қайтарылған оңалту құралдары міндетті дезинфекциядан, техникалық қызмет көрсетуден және жөндеуден өтеді, содан кейін жарамды құрылғылар қайта қолданысқа беріледі, бұл жергілікті жерлерде көмек күту мерзімін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.