
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын бақылау жүйесін қайта құруда. Министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің I тоқсандағы жұмыс қорытындысы шығарылып, жұмыскерлерді қорғаудың жаңа тетіктері айқындалды.
Биылғы бірінші тоқсанда мемлекеттік инспекторлар 17,5 мың жұмыскердің құқығын қорғап, жосықсыз жұмыс берушілерден 452 миллион теңге жалақы берешегін өндіріп алды.
Өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында ведомство қорғаудың жаңа тетіктерін іске қосуда. Бірінші кезекте қоғамдық бақылау құралдары кеңейтіледі. ҚР Парламентінің қарауына тиісті Заңға түзетулер жолданды, соның арқасында техникалық инспекторлар ақпаратты өз бетінше сұратуға, жұмыс орындарына тексеру жүргізуге және мемлекеттік органдармен тең дәрежеде тергеп-тексерулерге қатысуға заңды құқық алады.
Сонымен қатар Еңбек министрлігі кәсіпорындардағы өндірістік кеңестер жұмысының бірыңғай қағидаларын енгізуде – олар апаттар орын алғанға дейін тәуекелдерді анықтау үшін қатаң түрде паритеттік негізде (жұмыс берушілерден, жұмыскерлерден және кәсіподақтардан) құрылатын болады. Бұдан бөлек жарақаттарды жасыру фактілерін толық жою үшін ведомство ІІМ-мен бірлесіп деректер алмасу алгоритмін әзірлеуде, бұл жазатайым оқиға бойынша әрбір материалдың процестік шешім қабылданғанға дейін ашық бақылауда болуын қамтамасыз етеді.
Азаматтардың құқықтарын қорғаудың цифрлық құралдарын күшейту де маңызды қадам болмақ. Министр А. Ертаев жүйе проблемалы кәсіпорындарды нақты уақыт режимінде қадағалап отыруы үшін «Еңбек тәуекелдерінің картасын» басқа мемлекеттік органдардың базаларымен толық интеграциялау міндетін қойды.
«Еңбек тәуекелдерінің картасы жай ғана тізім болмауы тиіс. Ол біз жедел әрекет етіп, адамдардың құқықтарын қорғау үшін жалақыны кешіктіретін проблемалы кәсіпорындарды нақты уақыт режимінде көрсетуі керек. Цифрлық жұмыспен қамту және бақылау құралдары алдын алу бағытында жұмыс істеуі тиіс», – деді ведомство басшысы.
Осындай жаңашылдық Цифрлық жұмыспен қамту қызметінде де (Enbek.kz) күтіледі. Кеңесте министр негізгі бағытты белгіледі – сервис бос жұмыс орындарын жай ғана іріктеуден жұмыс іздегендерді проактивті жеке сүйемелдеуге көшуі тиіс.