Қазақстан мен Қырғызстан әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, цифрлық тәжірибе алмасуда

Қазақстан мен Қырғызстан әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, цифрлық тәжірибе алмасуда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Асқарбек Ертаевтың Қырғыз Республикасының Еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрі Қанат Сағынбаевпен екіжақты кездесуі өтті. Келіссөздердің негізгі тақырыбы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы практикалық тәжірибе алмасу болды.

Асқарбек Ертаев әріптестеріне Отбасының цифрлық картасын, Электрондық еңбек биржасын және Әлеуметтік қызметтер порталын қоса алғанда, қазақстандық цифрлық жүйелердің жұмысын егжей-тегжейлі таныстырды. Ол бұл құралдар Қазақстанға жұмыстың проактивті форматына көшуге және мемлекеттік қолдауды барынша атаулы етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Қазақстан тарапы тәжірибе алмасуға және Қырғызстандағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін бейімделуі мүмкін технологиялық шешімдерді бірлесіп пысықтауға дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде Қанат Сағынбаев қазақстандық IT-шешімдерді зерделеуге жоғары қызығушылық танытып, екі ведомство басымдықтарының ұқсастығын атап өтті. Ол Қырғызстанда да еңбек қатынастарының ашықтығын арттыруға бағытталған цифрлық құралдардың белсенді түрде дамып жатқанын, электрондық еңбек шарттары мен цифрлық еңбек кітапшалары енгізіліп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы базасында қазақстандық модельді жан-жақты зерделеу сапардың маңызды практикалық кезеңіне айналатынын жеткізді.

«Бізді ежелден келе жатқан достық пен стратегиялық әріптестік байланыстырады. Бүгін біз әлеуметтік саладағы цифрлық шешімдер мен заманауи технологиялармен алмасу арқылы өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығып жатырмыз. Бұл тәжірибе алмасу біздің ведомстволар арасындағы қарым-қатынастың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді А. Ертаев.

Кездесу барысында тараптар еңбек көші-қоны және қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелеріне де назар аударды. Қырғыз делегациясы еңбек заңнамасын жаңарту, жұмыспен қамтудың жаңа форматтарын енгізу және жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметін сәтті реттеу бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер көші-қон мәселелерінде үйлестіруді күшейтуге келісті және әлеуметтік-еңбек саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру бағытын растады.

Ресми сапар аясында қырғыз делегациясы әлеуметтік-еңбек саласында халыққа қызмет көрсетудің қазақстандық моделімен практикалық танысу үшін елорданың бірқатар бейінді мекемелерін, соның ішінде Еңбек ресурстарын дамыту орталығын, Мансап орталығын, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын, Инклюзивті спорт орталығын және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорын аралайды.