Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен «Aleumet» әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы мәселелері жөніндегі Координациялық кеңес отырысы өтті. Талқылауға салалық комитеттердің өкілдері, ақпараттық жүйелерді әзірлеушілер және мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестіктерінің басшылары қатысты. Кездесу барысында негізгі назар жосықсыз жеткізушілермен жұмыс істеу тетіктерін жөндеу және порталда ұсынылған тауарлардың сапасын арттыру мәселелеріне аударылды.
Кеңесте Порталдың жоғары әлеуметтік жүктеме көтеріп отырғаны атап өтілді: 2025 жылы платформа арқылы техникалық оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз ету бойынша 570 мыңнан астам іс-шара жүзеге асырылды, сондай-ақ 400 мыңнан астам тапсырыс орындалды. Қазіргі уақытта порталда 1017 жеткізуші тіркелген. Дегенмен талдау бірқатар сындарлы бұзушылықтарды анықтады, оның ішінде өңірлік комиссиялардың тексерулерге формальды қарауы, баға манипуляциясы және тауар тек қағаз жүзінде берілетін әртүрлі схемалар бар. Портал пайдаланушыларының құқықтарын қорғау үшін ведомство Ұлттық тауарлар каталогымен интеграцияны енгізуді және қызметтерді алу фактісін міндетті түрде цифрлық растауды жоспарлап отыр.
«Біз проблемалардың бар екенін түсінеміз және оларды шешу жолдары егжей-тегжейлі пысықтауды қажет етеді. Мен сәуір айының бірінші онкүндігіне дейін өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту, тауарды алу фактісін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қатаң растау механизмдері, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау есебінен жеткізушілердің жаңа реестрін қалыптастыру бойынша үш нақты ұсыныс пакетін дайындауды тапсырамын», – деп қорытындылады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Отырыс барысында Кеңес қатысушылары порталдың көру қабілеті нашар адамдар үшін қолжетімділігін арттыру және Aleumet мобильді қосымшасы туралы азаматтарды хабардар ету бойынша бірқатар шараларды ұсынды.
Аталған бастамаларды іске асыру платформадағы таңдау тетіктерінің ашықтығын арттыруға, жеткізушілермен жұмысты жетілдіруге және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Тиімді шешімдерді әзірлеу үшін ведомство басшысы Координациялық кеңес қатысушылары мен қоғам өкілдерінен қосымша ұсыныстар жинауды тапсырды. Барлық бастамалар біріктіріліп, сәуір айының басындағы келесі отырыста егжей-тегжейлі қаралады.