
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ҚР Парламенті Сенатында өткен зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту және зейнетақы аннуитетін дамыту тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысына қатысты. Кездесуге қатысушылар қолданыстағы модельді және одан әрі жетілдіруді талап ететін жүйелі мәселелерді талқылады.
Отырысты ашқан Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстанның зейнетақы жүйесі бүгінде тұрақтылық танытып отырғанын, десе де болашақ демографиялық және экономикалық сын-қатерлерге уақтылы бейімделуді талап ететінін атап өтті.
Өз сөзінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бүгінгі таңда зейнетақы үш негізгі компоненттен: жасына байланысты ынтымақты зейнетақыдан, базалық зейнетақыдан және БЖЗҚ жинақтаушы жүйесінен төленетін төлемдерден тұратынын айтты. 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері 197,6 мың теңгені құрады, оның ішінде: жасына байланысты зейнетақы – 103 931 теңге, базалық зейнетақы – 53 912 теңге, БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер – 39 743 теңге.
Асқарбек Ертаев қолданыстағы зейнетақы жүйесі жүргізіліп жатқан жаңғыртуға және базалық төлемдердің кезең-кезеңімен артуына қарамастан, жоғалған табысты алмастырудың жеткілікті деңгейін әзірге толық көлемде қамтамасыз етпей отырғанын қадап айтты. Оның айтуынша, азаматтардың түрлі санаттары арасында зейнетақымен қамсыздандырудағы айырмашылықтар сақталуда, сондай-ақ халықты зейнетақы жинақтары жүйесімен қамтуды арттыру және ұзақ мерзімді жинақтау мәдениетін қалыптастыру міндеті өзекті болып қала береді.
«Біздің міндетіміз – зейнетақы жүйесі әрбір азамат үшін капиталды ұзақ мерзімді жинақтаудың тиімді құралына айналатын оңтайлы теңгерімді табу», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Бүгінгі таңда мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр және зейнетақы жүйесін реформалауды жалғастыра береді.